Май ауданының Саты ауылында бұлақ маңы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар оның айналасына ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл желек көбейтілді.

Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тағылымды сөз бар. Табиғат байлығын аялау, су көздерін таза ұстап, оны ұқыпты әрі тиімді пайдалану маңызды. Осы ұстанымды негізге алған жергілікті әкімдік қызметкерлері мен белсенділер «Ақ бұлақ» маңын абаттандыруға атсалысты. Себебі бұл жер – ертеден бері ауылдың өміріне нәр беріп келе жатқан маңызды табиғи су көзі.

Жұлдыз Гросс, Саты ауылдық округінің әкімі

«Мына бұлақ – ертеден келе жатқан бұлақ. Аталарымыз осының көзін ашып, ертеде осыннан мұз ойып, малдарын қысқы уақытта суарған, үйде тамақ жасауға, ішуге пайдаланған. Енді 2008 жылы осы бұлақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы плиталар төселді, қоршау, сәкілер жасалды. Бір жұманың ішінде бір ауыл болып, осы жерде көп жұмыстар атқарылып. Осы жерде мал сойылып, тойланып, халық болып жиналып, бұлақтың ашылуын тойлады. Негізі бұлақ ертеден келе жатқан, бірақ та «Ақ бұлақ деп бертіннен 2008-де халық шешіп, сондай «Ақ бұлақ» деп атауын берген.»

Жұмыстар мұнымен шектелмейді. «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде Павлодар облысындағы «Қазсушар» филиалы аумақты көркейтуге үлес қосты. Осы мақсатта алма, шетен және өзге де ағаш түрлерінен 10 түп көшет отырғызылды.

Жұлдыз Қабылденова