Өңірде тұрақты жылы ауа райының орнауына байланысты жылу беру маусымы ресми түрде 20 сәуір күні аяқталды. Енді энергетиктер жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізуге кіріседі.

Алдағы күндері қала тұрғындарына уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Себебі сынақтар кезінде бірқатар шағын аудандар мен көшелерде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Алғашқы кезең 21 мен 25 сәуір аралығында қаланың солтүстік бөлігінде өтеді.

Екатерина Байжұманова, «Павлодарэнерго» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы

Осы кезеңде Қамзин, Малайсары батыр, Естай, Қабанбай батыр, Нұркин, Академик Марғұлан, Астана, Набережная, Олжабай батыр, Торайғыров, Сағадат Нұрмағамбетов көшелерінде орналасқан үйлерде уақытша ыстық су тоқтатылады. Сонымен қатар Химқалашық, Лесозавод кенті және Солтүстік өнеркәсіп аймағында да ыстық су беру шектеледі. Ал келесі кезең Естай, Абай, Кривенко, Малайсары батыр және Қамзин көшелерінде, сондай-ақ екінші Павлодар, Восточный, Усолка, Дачный, Достық, Сарыарқа шағын аудандарында ыстық су уақытша өшіріледі.

Гидравликалық сынақтардың келесі кезеңі 27 сәуір мен 1 мамыр аралығында өтеді. Мамандар жылу желілерінің беріктігін тексеріп, ақауларды анықтайды. Егер тексеріс барысында ешқандай зақым анықталмаса, ыстық су сынақ аяқталған бойда қайта беріледі. Ал ақаулар табылған жағдайда, жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана қосылады

Сабина Жолдаспаева