Әскери қоян қолтық ұрыстан республикалық чемпионат өтіп, жерлестеріміз биік тұғырдан көрінді. Бәсеке Қостанай қаласында өткен. Турнирде топ жарған спортшыларды жанкүйерлері Павлодар қаласында салтанатты түрде қарсы алды.
Аталған турнирге еліміздің әр өңірінен ең мықты спортшылар жиналды. Жалпы саны 400-ден астам қатысушы бақ сынады. Павлодар облысынан барған 12 спортшының төртеуі жүлделі белбеулерге ие болды. Темірлан Марат жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, барлық қарсыласын сенімді түрде жеңді. Спортшылар турнирге бірнеше ай бойы жүйелі түрде дайындалған.
Темірлан Марат, 1-орын иегері
Атамекен кентінде тұрамын. 33 мектепте оқимын. Негізі мен осы спорт түріне 13 жасымнан келдім. Содан бастап мма спорт түрімен айналысамын. Сүлейменов Әділ ағағаға көп рахмет. Осындай дәрежелерге жеткізіп, қолдап келгендеріне. Ата-анама, туыстарыма рахмет айтамын қолдауларына.
Жас спортшының үлкен спорттағы жолы Атамекен кентінде басталған. Алғашқы жаттығулардан-ақ оның спортқа деген қызығушылығы мен табандылығы байқалды. Уақыт өте келе жекпе-жек өнеріне бет бұрып, осы бағытта өз мүмкіндігін толық ашты.
Сұңғат Әбілов, Атамекен кентіндегі спортттық сауықтыру кешенінің басшысы
Марат Тамерлан кентіміздің спортшысы. Өзінің спорт жолын біздің Сұңқар спорт кешенінде бастаған. Бізде көп жетістіктерге жетіп жүрді. Халықаралық деңгейде де орын алып жүрді. Жарысқа барып, бірінші орын алып келді. Өте ризамыз. Болашақта да Тамерланға үлкен жетістіктер тілейміз.
Темірланның жеңісі – тек оның ғана емес, бүкіл өңірдің ортақ қуанышы. Туыстары, достары мен жаттықтырушылары спортшының жетістігіне ерекше мақтанышпен қарап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Сабина Жолдаспаева