Сондай-ақ, облыс әкімі Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне барып, студенттермен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Өңір басшысы алдымен университеттің ғылыми-инновациялық экожүйесінің дамуымен танысты. Оқу ордасында когнитивтік зерттеулер, дарынды студенттерді анықтау, білім беру үдерісіне генеративті жасанды интеллект енгізу, сондай-ақ заманауи педагогикалық модельдерді әзірлеу бағытында жобалар жүзеге асырылуда. Университеттің «Дарынды дамыту» бастамасы аясында өңірдегі 1412 мектеп оқушысы зерттеліп, олардың 46% жоғары деңгейдегі дарындылық анықталған. Сонымен қатар, 2000 ға жуық педагогтың инклюзивті білім беру талаптарына сәйкестігі бағаланды, бұл кәсіби құзыреттердегі негізгі олқылықтарды анықтауға мүмкіндік берді.

Аймақ басшысы 3-4 курс студенттерімен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Студенттер болашақта жұмысқа орналасу, өңірдің дамуы және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойып, нақты әрі жан-жақты жауаптар алды.

Аймақ басшысы мұғалім мамандығының маңыздылығына да айрықша тоқталды. «Мұғалімдік тек кәсіпа емес, миссия» деді.

Сондай-ақ, білім беру жүйесін мемлекеттік қолдау шараларына да кеңінен тоқталып өтті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1800 орындық заманауи мектептер пайдалануға беріліп, бір жыл ішінде 67 әлеуметтік нысан жөнделді. Ауылдарды дамытуға және сапалы білімге тең жағдайда қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, жұмыспен қамту жайында айта келе, өңірде 4 мыңнан астам бос жұмыс орны бар екенін, ал алдағы бес жылда инвестициялық жобаларды іске асыру барысында кадрларға деген сұраныс 64 мың маманнан асатынын айтты.