Павлодар облысында екі жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы және Атамекен кентіндегі қолданыстағы бөлімнің жаңғыртылуы өңірдегі өрт қауіпсіздігі жүйесін едәуір күшейтті. Жүзеге асырылған жобаларды Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бағалады.
Алдымен Солнечный кентінде жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа бөлімше заманауи талаптарға толық сәйкес келеді және тиімді қызмет атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимаратта жеке құрамды даярлауға арналған оқу сыныптары, демалыс және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ заманауи спорт залы жабдықталған. Бұл бекеттің ашылуы Солнечный және оған жақын елді мекендердегі өртке әрекет ету уақытын едәуір қысқартты. Бұған дейін өрт сөндірушілер қаладан келуге мәжбүр болатын.
Асхат Амангелдиев, №22 өрт сөндіру бекетінің бастығы
Атылмыш құрылым 9 елдімекенге қызмет көрсетеді. Онда 9 мыңнан астам адам тұрады. Жеке құрамда 18 адам бар, ауысымға 4 адам түседі. Құрылым жаңа техникамен қамтылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті тұрғындар, өрт қызметінің ардагерлері, сондай-ақ Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Аринов қатысты. Іс-шара барысында құрылысқа үлес қосқан азаматтар мен ерекше көзге түскен құтқарушылар алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталды.
Кейін қонақтар өрт сөндіру бекетін аралап, оның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Жаңа ғимаратпен қатар бөлімше жаңа өрт сөндіру және құтқару техникаларымен толықтырылды. Ірі техникалардың қатарында заманауи өрт сөндіру автоцистерналары мен жедел-құтқару көліктері бар. Сонымен бірге қосымша құрал-жабдықтар — ауа өткізгіштер, генераторлар, мотопомпалар және өрт сөндірушілерге арналған жаңа арнайы киімдер берілді. Кейін еліміздің бас құтқарушысы Шыңғыс Әрінов Екібастұздан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан Қарасор ауылындағы «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында ашылған жаңа өрт сөндіру бекетіне барды. Бұл — өңірде іске қосылған осындай жетінші бөлімше. Жаңа бекет бірден үш елді мекен — Қарасор, Құдайкөл және Құлақөл ауылдарын жедел өртке қарсы қорғаумен қамтамасыз етеді. Бұл елді мекендерде шамамен 900 адам тұрады. Еріктілер тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуді қамтамасыз етеді. Бөлімше қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті барлық техникамен және құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Өңірдегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған келесі ірі жоба —Атамекен кентіндегі ескі өрт сөндіру бөлігін жаңғырту жұмыстары. Қосымша ретінде 8 техникаға арналған жаңа тұрақ салынды. Сондай-ақ авто паркі арнайы көліктермен толықтырылды, оның ішінде жоғары өтімді автокөліктер, жол талғамайтын техникалар және су көліктері бар.
Материалдық-техникалық базаның ауқымды жаңартылуына және инфрақұрылымның дамуына қарамастан, жеке құрам саны өзгеріссіз қалды: Атамекен кенті мен оған жақын орналасқан тоғыз елді мекеннің қауіпсіздігін бұрынғыдай 30-ға жуық өрт сөндіру қызметкері қамтамасыз етіп келеді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Аринов бөлімге жүргізілген тексеру барысында атап өткендей, бұл өрт сөндіру бөлімі елімізде алғашқылардың бірі болып, өрт сөндірушілер арасында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген нысанға айналды.
Бауыржан Жанғозин, №5 өрт сөндіру бекетінің бастығы
Аталмыш өрт сөндіру бекеті 88 жылғы. Осы уақыт ішінде күнделі жөндеу жасалмаған. Қатты отынмен жағылатын. Өрт сөндірушілер өздері өртке шығып қана қоймай, бекетті жылытатын. Қазі реновациядан кейін газбен жылытуға көштік. Көлік тұрағымен қамтылдық.
Ведомство басшысына күрделі әрі қауіпті жағдайларда тиімді жұмыс істей алатын заманауи роботтандырылған өрт сөндіру платформасының мүмкіндіктері көрсетілді. Кейін министр жеке құраммен бірге өрт сөндіру бөлімінің аумағын абаттандыру және көгалдандыру аясында ағаш отырғызу жұмыстарына қатысты.
Самал Қалиқызы