Теміржолдағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында «Теміржолда өзіңді сақта» акциясы және «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары балаларға ол аумақтағы қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
Павлодар станциясындағы көліктегі полиция бөлімі қызмет көрсету аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шара өткізді. Аталған шараға мектеп оқушылары да қатысты.
Ерден Абдуллин, көліктегі полиция бөлімі бастығының орынбасары
«Жақын маңайда орналасқан мектептердің оқушыларын осы теміржол вокзалына, теміржол аумағына әкеліп, теміржол қауіпсіздігін сақтау және жазатайым оқиғалар болдырмау мақсатында арнайы өткелдерден өтетін жерлерді көрсетіп және жолаушылар пойыздарында қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсаттарында жүргізіп, жеткіздік»
Оқушылар алдымен теміржол вокзалына экскурсия жасады. Полиция қызметкерлері оларды тек арнайы белгіленген орындардан өту, жақындап келе жатқан пойыздың алдынан жүгіріп өтпеу сияқты маңызды талаптармен жан-жақты таныстырды. Кейін оқушылар қала тұрғындары мен қонақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысты.
Арлан Айбасов, Р. Нұртазина атындағы ЖОББМ 7-сынып оқушысы
«Менің ойымша, бұл мәселе жиі көтерілсе, пойыздар мен трамвайлардың алдынан шығып қалу сияқты қауіпті жағдайлар азаяды. Бұл өте маңызды қауіпсіздік мәселесі болғандықтан, оны сынып сағаттарында да, сабақтан тыс уақытта да талқылап отыру қажет. Бүгін біз теміржолдағы қауіпсіздік ережелері туралы парақшалар тараттық. Бұл дұрыс әрі пайдалы бастама деп санаймын. Себебі қауіпсіздік ережелерін сақтау әркім үшін маңызды. Әсіресе мұндай ақпаратты жасөспірімдерге көбірек жеткізу керек, өйткені мұндай әрекеттермен ересектерге қарағанда жастар көбірек айналысады деп ойлаймын. Олар өздерін мықты етіп көрсету мақсатында тәртіп бұзып жатады. Сондықтан мектептерде қауіпсіздік тақырыптарына арналған түсіндіру жұмыстарын жиі ұйымдастыру қажет.»
Теміржол маңы қауіпті аумақ болғандықтан, мұндай шаралардың маңызы зор әрі олар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын табады.
Жұлдыз Қабылденова