Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 6-туры аясында «Ертіс» өз алаңында талдықорғандық «Жетісуды» қабылдады. Ойын нәтижесі қандай? Алдағы материалымызда.

Есепті кездесудің небәрі 6-минутында «Жетісу» командасы ашты. Бұрыштамадан Серікжан Мұжықов асырған допты Адам Адахаджиев қақпаға дәл бағыттап, мергендігімен көзге түсті.

Павлодарлықтар есепті теңестіруге барынша тырысты. 14-минутта Павел Седько әріптестеріне пас шығарып берген, бірақ оны ешкім голға айналдыра алмады.

Командалар 0:1 есебімен үзіліске кетті.

Бұған дейінгі әр кездесуде кемінде бір гол соққан павлодарлықтар бұл жолы да дәстүрді жалғастыруға барын салды. 70-минутта доп «Жетісу» ойыншысы Асхат Балтабековтың қолына тиіп, төреші пенальти белгіледі. Бұл шешімге талдықорғандықтар келіспегенімен, VAR қаралымынан кейін айып добы күшінде қалды. Оны Павел Седько мүлтіксіз орындап, 74-минутта «Ертіс» есепті теңестірді.

Бұл гол Кирилл Альшевский шәкірттерін жігерлендіріп, павлодарлықтар бірнеше жойқын шабуыл ұйымдастырды. 86-минутта Годфрей Битоктың соққан добы қарсылас қақпасынан табылып, «Ертіс» алға шыққандай көрінген еді. Жанкүйерлер де қуанып үлгерді, алайда төреші офсайд тіркеп, гол есепке алынбады. Матчтың негізгі уақыты тең есеппен аяқталды. Төреші 8 минут қосты. Ойын аяқталуына 2 минут қалғанда талдықорғандық Марко Зиванович гол соғып, «Жетісу» ойынды өз пайдасына шешті.

Қайрат Нұрдәулетов, «Жетісу» ФК бас бапкері

«Жақсы, тартысты ойын болды деп ойлаймын. Жанкүйерлерге ұнады деп ойлаймын. Жанкүйерлердің бәріне сәлем! Өйткені осы жерде жұмыс істедік, бәріне кішкене бауыр басып қалдық. Бүгінгі ойынымызға келетін болсақ, жақсы ойын болды деп ойлаймын, жеңісімізге қуаныштымыз. Біз ары қарай жылжимыз. Үш ұпай алдық. Келесі қарсыласқа дайындаламыз. Ал «Ертіс» командасына келетін болсақ, сәттілік тілеймін келесі ойындарда, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. «Ертіс» – біздің Қазақстанымыздың жай командасы емес, 5 дүркін чемпионы. Сондықтан, менің ойымша, бұл жерде бәрі жақсы болады деген ойламын. Бірінші, «Ертістің» дәрежесін алайық. «Ертіс» деген енді жай команда емес қой, сондықтан қай команда болмасын Павлодарға келген кезде жақсы ойын көрсеткісі келеді.»

«Ертіс» клубының бас бапкері Кирилл Альшевский бұл кездесуде эмоцияның шамадан тыс басым болғанын атап өтті. Оның пікірінше, дәл осы жағдай командалық ойынның жүйелілігін әлсіретіп, жалпы ойын барысына әсер еткен.

Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас бапкері

«Ойынның соңғы бөлігінде командалық ойыннан гөрі эмоция басым болды. Өкініштісі – бұл өз әсерін тигізбей қоймады. Матч алдындағы шамадан тыс эмоция да кері ықпал етті. Ойыншыларымның жеңіске деген зор ықыласын байқадым, алайда мұндай эмоциялар футбол ойынына зиян келтіруі мүмкін. Бірінші таймда солай болды. Ал екінші таймда, керісінше, екі командада да нақты құрылым болмағандықтан, ойын біршама еркін өрбіп, бұл белгілі бір деңгейде күш берді. Дегенмен, ойынды жүйелі жүргізу тұрғысынан алғанда, бұл дұрыс емес.»

6-турдың қорытындысы бойынша қанжығасында 6 ұпайы бар «Ертіс» турнирлік кестеде 11-орынға тұрақтады. Ал 3 ұпай жеңіп алған«Жетісу» 8 ұпаймен 8-орынға жайғасты. Айта кету керек, павлодарлықтар келесі ойынды 25 сәуір күні сырт алаңда «Ақтөбе» командасына қарсы өткізеді.

Жұлдыз Қабылденова