Павлодарда қалалық №3 емханада негізінде өңірде алғаш рет балаларды дамыту және ерте араласу орталығы ашылды. Бұл аймақтағы сәбилер денсаулығына қатысты алдын алу шараларын жүйелі жүргізуге бағытталған бастама. Мұндай орталықтың ашылуы балалардың денсаулығына нәресте кезінен назар аударып, ауыр сырқаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтың мақсаты балалардың дамуындағы ауытқулар мен медициналық, әлеуметтік қауіптерді ерте кезеңде анықтап, уақытында көмек көрсету. Бұл әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар үшін аса маңызды. Себебі сәбидің алғашқы жылдарында кез келген өзгерісті ерте байқау оның болашақтағы денсаулығы мен дамуына тікелей әсер етеді.
Айгүл Мұқышева, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
Осы орталыққа келген ата-аналар медициналық көмек алады деп сенеміз. Қазір балалардың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Оған табиғи емізу, қосымша тағамды енгізу, жалпы баланың бес жасқа дейінгі дамуын бақылау, есту қабілетін анықтайтын аудиологиялық скрининг сияқты шаралар жатады. Сонымен қатар, диагноз қою қиын болған жағдайда, кеңес құрылып, мамандар шақырылады. Бұдан бөлек, патронаж қызметіне де ерекше назар аударылды. Бүгін №3 емхананың патронаждық қызметінің қалай жұмыс істейтінін көріп, таныса аласыздар.
Жаңа орталықтың құрылымы жан-жақты қамтылған. Мұнда жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға арналған әмбебап күтім жасап, бақылау жүргізетін дәрігер кабинеті бар. Сондай-ақ, баланың даму ерекшеліктерін бақылау үшін арнайы баланы дамыту кабинеті жұмыс істейді. Бұл жерде ата-аналарға дұрыс тамақтану бойынша кеңестер берілетін ресурстық орталық та орналасқан. Сонымен қатар, дыбыстан оқшауланған кабинетте аудиологиялық және психофизикалық скринингтер өткізіледі.
Эльмира Сейітқазина, Павлодар қаласы №3 емхананың жалпы тәжірибе бөлімінің меңгерушісі
Аудиологиялық скриниг дейміз, яғни баланың есту қабілетін тексеру. Бала туылған сәттен перзентханадан тексерілсе, 1 айылықтан кейін біздің бөлімге келіп алдын алады. Қандай да бір ауыртпашылық болса, скриниг арқылы анықтауға болады. Сонымен қатар, біздің орталықта патронаждық қызметтік медбикелер жұмыс атқарады. Ол дегеніміз, әлеуметтік жағдайлары төмен, отбасында қандай да бір қиындық болса, сол балаларды дер кезінде көмек көрсету болып табылады. Одан бөлек, бізде кеңес беретін педиатр бар. Егер де ата-ананың баласына қатысты жалпы тәжірибелік дәрігерлерге келген кезде сұрақтары болса, кеңес алуға және дер кезінде ем алып, көмек алуға мүмкіндігі бар.
Орталықта жұмыс істейтін медицина қызметкерлері арнайы даярлықтан өтеді. Олар ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеп, кешенді қолдау көрсетеді.
Сабина Жолдаспаева