Павлодарда жасөспірімдер киберспорттан бақ сынады. Қалалық «CyberDaryn» турнирі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектепте өтті. Зияткерлік әрі технологиялық бағыттағы жарысқа қала мектептерінің 5–8 сынып оқушылары қатысты.

Жарысқа шаһарымыздағы білім беру ұйымдарынан 50-ге жуық команда жиналып, үш жүзге жуық оқушы бақ сынады. Кибер турнир екі күнге созылды. Алғашқы күні 5–6 сынып оқушылары сайысқа түссе, келесі күні 7–8 сынып оқушылары өзара мықтыны анықтады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнир оқушылардың ақпараттық технологияларға қызығушылығын арттырып, логикалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Рустам Смағұлов, Павлодар қаласы С. Торайғыров атындағы ЖОББ мектебінің информатика пәнінің мұғалімі

Екі ойын бар. Ол жастар арасында танымал. Клэш рояль 7-8 сынып арасында және бравл старс 5-6 сынып аралығында. Жалпы кеше 5-6 сынып аралығында 24 команда болды. Бүгін 7-8 сынып аралығында 30 команда болды. Жеңілсе, олар астыңғы сеткаға түседі. Қайтадан ойнайды. Ал, жеңіке жетсе, бірінші орын алуға мүмкіндік бар.

Әр командада үш оқушыдан болды. Оның екеуі танымал стратегиялық ойын форматында жарысқа қатысты. Ал үшінші қатысушы бағдарламалау бағыты бойынша тапсырма орындады. Оқушыларға арнайы тапсырмалар беріліп, белгілі бір уақыт ішінде шешім әзірлеу талабы қойылды.

Батырхан Зейнуллов, Павлодар қаласы қ.бекқожин атындағы ЖОББ мектебінің 8-сынып оқушысы

Мен киберспорттан қатысамын. Үш бала болып келдік. Екеуміз киберспорттан ойнаймыз. Біреуі айтидан. Мен екі жыл ойнадым. Тактика кей-кезде көмектеседі. Эликсир жасап, атака жасау қажет. Қарсыласың лақтырса, оны қорғау. Біз бір ойын ойнадық. Жеңіске жеттік. Қазір тағы ойнаймыз.

Бүгінде цифрлық технологиялар мен ІТ саласы қарқынды дамып келеді. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды бағдарламалау мен жаңа технологияларға баулу – уақыт талабы. Осындай білім сайыстары жасөспірімдердің қабілетін шыңдап, болашақта ІТ саласының маманы болуына жол ашады.

Сабина Жолдаспаева