8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай біз медицина саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген жанмен таныстық. Бүгінгі кейіпкеріміз – Павлодар облыстық қан орталығының қызметкері Гаухартас Святова. Ол осы салада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
Гаухар Святова еңбек жолын медицина саласында 80 жылдары бастаған. Алғашында ауруханада жұмыс істеген. Уақыт өте келе ауыр халге түсіп, жансақтау бөлімінде ем қабылдайды. Дәрігерлердің көмегі мен донорлық қанның арқасында ол қайтадан аяққа тұрған. Осы жағдайдан кейін Гаухар Святова қан құю саласының маңызын терең түсініп, дәл осы бағытта еңбек етуді шешеді.
Гаухартас Святова, Павлодар облыстық қан орталығының қан дайындау бөлімінің трансфузиолог дәрігері
Мен еңбек жолымды бірінші қалалық ауруханада учаскелік дәрігер болып бастадым. Адамдармен жұмыс істеген ұнайтын. Ол кезде аурухана біріккен мекеме болатын: стационар да, емхана да бірге жұмыс істеді. 1985 жылы тағдырдың жазуымен өзім қатты сырқаттанып қалдым. Маған жедел панкреонекроз диагнозы қойылды. Сол кезде жүктілігім де ауыр өтті. Жарты жыл бойы ем қабылдадым. Дәрігерлердің көмегімен аман қалдым. 1987 жылы қайтадан жұмысқа шықтым. Сол кезде қан қызметі туралы көп біле бермейтінмін. Кейін осы саланың маңызын түсініп, трансфузиология бағытында жұмыс істеуді шештім. 1997 жылы қиын кезең болса да, Павлодар облыстық қан орталығына ауыстым. Содан бері осы жерде еңбек етіп келемін.
Маманның жұмысы қан өнімдерінің сапасын бақылау. Күніне оның қолынан орта есеппен 20–30 литрге жуық қан компоненттері өтеді. Егер қан медициналық талаптарға сай келмесе, ол жарамсыз деп танылады. Ол соңғы қорытындысын жасайды. Гаухар Святова күн сайын адамдармен тікелей жұмыс істемесе де, оның еңбегі көптеген науқастың өмірін сақтап қалуға үлес қосады.
Гаухартас Святова, Павлодар облыстық қан орталығының қан дайындау бөлімінің трансфузиолог дәрігері
Біздің жұмыс күніміз таңертең ерте басталады. Жалпы қан орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Мереке күндері мен демалыс күндері де тоқтамайды. Бізге келіп түскен барлық қан өнімдері толық тексерістен өтеді. Барлық талдауларды қарап, тек қауіпсіз, нәтижелері таза шыққан өнімдер ғана әрі қарай жіберіледі. Дайын қан компоненттері арнайы арбаға салынып, төмендегі экспедиция бөліміне жеткізіледі. Біз донорлармен емес, дайын өніммен жұмыс істейміз. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Жұмысқа әрдайым жақсы көңіл-күймен келемін. Себебі бұл еңбектің адамдарға пайдасы тиетінін білемін. Біздің өнімдер көптеген науқастар үшін өте қажет.
Әріптестері де Гаухар Святованы білікті әрі өте мейірімді адам ретінде сипаттайды. Оның әрдайым көмектесуге дайын тұратынын айтады. Мәселен, әріптестерінің бірі онымен 20 жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеп келеді. Күн сайын қан өнімдерін тіркеу мен өңдеу барысында бір-бірімен тығыз байланыста еңбек етеді.
Әлия Абильдинова, Павлодар облыстық қан орталығының мейірбикесі
Біз ол кісіден үлгі-өнеге аламыз. Барлығын жасай алады. Бізді үйретеді қолынан келгенше. Гаухартас Аманжоловна өте жақсы, кісіге жақын, бауырмал адам. Үнемі күліп жүреді, көңіл-күйін түсірмейді. Жұмысқа ерте келіп, жұмысына жауапты қарайды. Мен қан компоненттерін дайындап, осы блокқа алып келемін. Одан кейін Гаухартас Аманжоловна әрі қарай экспедициға тапсырады.
Гаухар Святова үшін медицина – жай ғана жұмыс емес, өмірлік таңдау. Ол осы мамандық арқылы адамдарға пайдасын тигізіп жүргеніне қуанышты. 46 жыл бойы медицина саласында еңбек еткен маман бүгін де қызметін жалғастырып келеді.
Сабина Жолдасеаева