Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан қалған құнды мәдени мұра. Павлодар қаласының №47 жалпы орта білім беру мектебінде осы қазынамызды өскелең ұрпақ арасында дәріптеуге арналған «Ұлы дала ойындары» атты жарыс өтті. Толығырақ – алдағы сюжетте.
Сайыстың мақсаты – жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықты сіңіру, халқымыздың ұлттық ойындарын насихаттау әрі сол арқылы салауатты өмір салтына баулу. Аталған жарысқа қаладағы 4 мектептің 5 және 6 сынып оқушылары жиналып, күш пен ақыл сынасты.
Саян Темірбаев, Павлодар қаласының №47 ЖОББМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
«Бүгін 47 мектеп қабырғасында алғаш рет қазақ ұлттық ойындары арасында сайыс ұйымдастырып жатырмыз. Бұл мектепке шамасы 100-дей бала қатысып жатыр. Қатысып жатқан мектептер – Тәшенев мектебі, 48 мектеп, Әлихан Бөкейханов мектебі және біздің 47 мектеп оқушылары қатысып жатыр. Мақсатымыз – мектеп балалары арасында қазақ ұлттық ойындарын дамыту»
Өрендер асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, арқан тарту, аударыспақ сынды спорт түрлерінен сайыстарға түсті. Аталған ойындар балалардың ептілігі мен шапшаңдығын арттырып, ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Оқушылар жарысқа зор ынтамен қатысып, белсенділік танытты.
Іңкәр Бейсенбай, Павлодар қаласының №47 ЖОББМ 6-сынып оқушысы
«Мен бес асықпен айналысамын, себебі ол – біздің қазағымыздың ұлттық ойыны және ол шапшаңдықты жақсартады. Біздің ағайымыз мені екі жыл үйретіп жатыр бес асыққа. Сол уақытта мен көп жерлерге барып, жүлдегер атандым және осы жылы біз облысқа қатысамыз.»
Бақдәулет Нұрбергенұлы, Павлодар қаласының №48 ЖОББМ 6-сынып оқушысы
«Біз асық ату спортына қатысамыз. 1 жыл қатыстым. Біз қалалық спартакиададан 1-орын алдық. Енді біз облысқа дайындалып жатырмыз. Мен асық ату спортын таңдадым, себебі асық ату өзіме ыңғайлы және ұлттық ойын»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылдары бұл сайысты дәстүрге айналдырып, ойын түрлерін жас ерекшеліктеріне байланысты әртараптандыру жоспарда бар. Бұл балалардың қызығушылықтарын арттырып, қатысушылар санын көбейтуге мүмкіндік бермек.
Жұлдыз Қабылденова