Облыс мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген сала мамандары «Аmanat» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған салтанатты шарада түрлі марапатқа ие болды. Толығырақ әріптесіміз әзірлеген бейнематериалдан көрейік.

Соңғы жылдары өңірде мәдениет саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, үш жыл ішінде облыста 40-қа жуық мәдениет мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, ел игілігі үшін 5 жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға да айрықша көңіл бөлінуде. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 237 миллион теңге қарастырылған.

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект» жыл деп жарияланған болатын. Бұл бағытта да облыстық музей қорларын цифрландыру, виртуалды көрмелер ұйымдастыру, интерактивті технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде....Көне мұра мен заманауи құндылықтарды ұштастыра отырып, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді одан әрі арттыру ортақ міндетіміз. Осы жолда мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан зор.

Ауыл руханиятының шамын сөндірмей, оқырман мен кітап арасын жақындатып жүрген кітапханашылар бүгінде заман талабына сай жобалар бастап, танымдық әрі рухани контент әзірлеп келеді.

Айзада Жұмаділова, Аққулы ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы

Кітапхана бұл сан қырлы мамандықтар тоғысқан жер. Өйткені, біз оқырмандарға тек ғана кітап беріп қоймаймыз, сонымен қатар мұғалімбіз. Бізге келетін оқырмандар тарихты, географияны , медицина сұрап келеді. Балалар бөліміндегі әріптестеріміз аниматорлар болып бере алады.Кітапхана саласындағы жұмыс өте қызықты.Ерекше атап өткім келеді, былтырдан бастап кітапханамызда жоба басталды..ютуб контентті дамытып жатырмыз.

Мерекелік жиынға облыстың барлық қала-аудандарынан, шалғай ауылдардан мәдениет саласының қызметкерлері арнайы келді.

Нұргелді Бердіқұл, Ертіс ауданы, Абай ауылы мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы

Жалпы, мәдениет саласы жұмыс істегеннен кейін, халықпен бірге ең бірінші тілдесе білуі керек. Сондықтан да, халықпен бірге жұмыс жасаймыз. Көбісі белсенділік танытады. Осы ауылда мәдениет, өнер саласын дамытуға қосқан үлесім үшін Аманат партиясынан марапат алып жатырмын, мен үшін өте қуанышты күн, мереке құтты болсын.

«Amanat» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған салтанатты шарада мәдениет пен руханият саласында табанды еңбек етіп жүрген 50-ге жуық қызметкер марапатталды. Кеш соңы әсем әнмен әрленіп, сала мамандары естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Қымбат Садық