Өңірде жаңа таланттарды анықтауға бағытталған «PAVLODAR SOUND» облыстық вокалдық байқауы өз мәресіне жетті. Оған, жалпы 50 қатысушы қатысты. Ал іріктеу кезеңінде сүрінбей өткен 21 үміткер финалдық кезеңде бақ сынады.

Қатысушылар байқауға тыңғылықты дайындықпен келіп, өз өнерін жоғары деңгейде көрсетуге тырысты. Әрбір үміткер сахна мәдениетін сақтап, орындаушылық қабілетін толық танытуға күш салды.

Сұлтанмахмұт Момынжанов, қатысушы

Менің басты мақсатым конкурсты жеңіп алу емес, адамдарға өзімді көрсету және ұялмау керектігін айту. Бұл менің ең бірінші байқауым емес, көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алдым. Бұл мен үшін үлкен мұмкіндік, жаңа бағдар деп санаймын.

Үміткерлер үш жас санаты бойынша өнер көрсетті. Қазылар алқасы әрбірінің вокалдық мүмкіндіктерін, сахнадағы өзін ұстауын және көркемдік деңгейін жан-жақты бағалады.

Байқау жеңімпазы «Ertis Promenade» сахнасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, жеңімпаздарға кәсіби студияда ән жаздыру, бейнеролик түсіру және фотосессия секілді шығармашылық қолдаулар көрсетілмек.

Қымбат Садық