21 мамыр күні елімізде мәдениет және өнер қызметкерлері күні атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай өңіріміздің шығармашылық адамдарының еңбегі еленіп, марапаттарға ие болды.
Мерекеге орай облысымыздың қала-аудандарынан келген сала майталдандары салтанатты түрде қарсы алынды. Өңірдегі мәдениет мен өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, қошеметке бөленді.
Бейбіт Шәнім, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыка драма театрының әртісі
«Қай сала болмасын, музей болсын, кітапхана болсын, театр болсын, барлық жерде халыққа қызмет істеп жатыр. Сондықтан бүкіл ұжымдастардың бәрін мерекеменен шын жүректен құттықтаймын. Мынадай қызыл кілемнен өткізіп, құрмет көрсетіп жатқандарына алғысымыз шексіз. Істеп жатқан еңбектері еселене берсін! Елге қызмет істей берсін дейміз!»
Бүгінде аймағымызда 4000-нан астам мәдениет қызметкері еңбек етеді және әрқайсысының еңбегі ерекше құрметке лайық. Олардың өз кәсібіне деген мақтаныш сезімін нығайтып, ынталандыру мақсатында мұндай ауқымды шараларды жыл өткізу игі үрдіске айналған.
Медет Тауасқан, Павлодар облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы
«Жасап жатырған жұмыстары ауқымды. Жалпы еліміздің мәдениетін, өнерін дамытуға қосып жатқан сүбелі үлестері үшін шынайы алғыс білдіреміз. Дендеріне саулық, шығармашылық табыс тілейміз. Мәдениет саласында қызмет етіп жүрген әрбір қызметкер өзінің маңыздылығын, орынын сезінуі үшін біз жылда осындай іс-шара ұйымдастырамыз. Шарамыздың басын қызыл кілемменен әрбір ауылдан, ауданнан келген уәкілдерді өткізіп, мәдениет қызметкерлері басқа азаматтарға қол соғып, күтіп алушы еді. Енді осы мәдениет қызметкерлерінің өздерін біз қызыл кілемнен өткізіп, оларға қошемет көрсетіп жатқан жайымыз бар.»
Шараның ресми бөлігінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова бұл саланың ұлттық мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеудегі, сондай-ақ оны келесі ұрпаққа жеткізудегі маңызын ерекше атап өтті.
Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өнердің ағартушылқ әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етуде. Өскелең ұрпақ сіздердің туындыларыңыздан тәлім-тәрбие алады. Қоғамда этика мен құндылықтар қалыптасады. Өнер-білім арқылы жастарымыз жасампаз, жанашыр әрі еңбекқор болып өседі. Сонда біз шын мәнінде әділетті, қауіпсіз, таза және өркениетті мемлекет боламыз. Мәдениет және өнер қызметкерлері осы маңызды жұмысқа зор үлес қоса береді деген болатын.»
Өз кәсібіне адал әрі қажырлы қызмет етіп келе жатқан мамандардың еңбегі лайықты құрметке ие болды. Салтанатты шара барысында озық қызметкерлерге түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етілді.
Мерекелік шараның соңы әсем ән мен күмбірлеген күй өрілген концерттік бағдарламаға ұласты.
Жұлдыз Қабылденова