Ақсу қаласында өнер мен руханияттың шамын сөндірмей, елдің мәдени өміріне жан бітіріп жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға қала әкімі қатысты. Толығырақ алдағы материалдан көрейік.
Мерекелік жиында қала әкімі мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан мамандарға алғыс білдірді. Ол өз сөзінде мәдениет – ұлттың жаны, ал осы саланың қызметкерлері руханияттың шырақшылары екенін атап өтті.
Болатбек Шәріпов, Ақсу қаласының әкімі
Бүгінде қаламызда мәдениет саласының қызметкерлері ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны ұрпаққа жеткізу жолындағы ауқымды жұмыстар атқаруда. Осы жолда адал еңбек етіп жүрген өнер азаматтарына ризашылығымды білдіремін.
Саналы ғұмырын кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір болуға арнап жүрген кітапханашылар да ұзақ жылғы еңбектің лайықты бағасын алды. Табанды еңбек етіп жүрген тәжірибелі жандар «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін иеленді.
Умсындық Абдуова, Ақсу қаласы шағын аудан қалалық кітапханасының кітапханашысы
Осы мамандығым өзіме ұнайды. Балаларға шара өткізесің, кітап оқытасын, олармен қарым-қатынас, оның бәрі біздің жұмысымыз ғой. Айтады ғой, оқы,оқы, білімді бол деп. Әрқашан балаларды кітапханаға тартып, кітап көп оқыса ғой деген менің арманым. Ертең өздері оқуға түскенде қандай жақсы, білімді қайдан алдың десе кітапханада алдық деп рас ғой.
Шара барысында мәдениет саласының өзге де қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Олар өнердің қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, мәдениет саласына көрсетілген құрметтің маңызын атап өтті.
Бақытжан Олжаева, Қалқаман мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі
Мен өзім Баянауылдың тумасымын. Бала кезімізден әнге құмар болдық, көптеген сайыстарға қатысқанбыз. Әр әншінің өз тыңдаушысы бар дегендей, біздегі әрбір тыңдаушының өзінің көрермені бар.
Мәдениет – халықтың рухани қазынасы. Ал сол қазынаны байытып, ұрпақ санасына ізгілік пен өнердің дәнін сеуіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Қымбат Садық