Өңірде жүздеген адам өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды күтуде. Көпшілігі үшін ағза ауыстыру – өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Алайда донор тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Күту парағындағы әрбір санның артында бір адамның тағдыры, ұзақ жылдарға созылған ем мен үміт тұр. Бүгінде облыста 233 адам ағза трансплантациясын күтуде.
Қазақстанда бүгінде келісім презумпциясы қолданылады. Яғни адам көзі тірісінде EGov порталы арқылы донорлыққа келісім берген күннің өзінде, соңғы шешім туыстарымен бірге талқыланады. Мамандар мәйіттік донорлықты дамытуға басымдық беріліп отырғанын айтады.
Қайтыс болғаннан кейінгі донор кез келген адам бола алмайды. Ол үшін дәрігерлер алдымен мидың өлімін ресми түрде растауы тиіс. Тек содан кейін ғана туыстарының келісімімен трансплантацияға қажетті күрделі үйлестіру жұмыстары басталады.
Дмитрий Потеребух, трансплантация бойынша өңірлік үйлестіруші
Оның ішінде 217 адам бүйрекке мұқтаж + 1 бала. Бала 9 жаста. Қалғандары ересектер: 10 адам бауыр, 4 адам жүрек және 1 адам өкпе трансплантациясын күтуде. Биыл күту парағынан бүйрекке мұқтаж 4 адамды алып тастадым, олар өкінішке қарай ағзаны күтпей көз жұмды.
Трансплантация қызметі дамып келе жатқанына қарамастан, негізгі мәселе – донорлардың жетіспеушілігі. Өткен жылы өңірде 6 ықтимал донор тіркелген. Алайда туыстарының келісімі тек бір жағдайда ғана алынған.
Дмитрий Потеребух, трансплантация бойынша өңірлік үйлестіруші
Бір донор болды және туыстары келісім берді. Бұл кардиоорталық базасында өтті, онда жүрек, бауыр және екі бүйрек, сондай-ақ екі қасаң қабық алынды. Сол екі қасаң қабық біздің облыстық ауруханада трансплантацияланды. Өкінішке қарай, ми өлімі расталған тағы 5 жағдайда туыстары бас тартты.
Мамандар мәйіттік донорлықты дамыту трансплантация кезегін азайтудың ең тиімді жолы екенін айтады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары күшейтілмек.
Дильназ Қуанышбекқызы