Павлодар облысынан 25 жас сарбаз Семей қаласына әскери қызметке аттанды. Олар Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Қасым Қайсенов атындағы 68 303 әскери бөлімінде борышын өтейді. Құтқарушылар аллеясында өткен салтанатты шығарып салу рәсіміне сарбаздардың туған-туыстары мен жақындары жиналды. Толығырақ келесі материалында.

Павлодардағы Құтқарушылар аллеясында әскерге шақырылушыларды шығарып салу рәсімі өтті. Болашақ сарбаздарды ата-аналары, бауырлары мен жақындары келіп қолдады. Әскерге аттанған жастар Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімінде қызмет етіп, болашақта құтқарушы мамандығын таңдауды жоспарлап отыр.

Айзада Несібаева, ата-ана

Ұлым Семей қаласына войсковой частка кетіп бара жатыр. Оларға тілейтінім зор денсаулық аман болсын.

облыстан Семейге 25 жас аттанды. Барлығы ТЖМ әскери бөлімінде қызмет етеді. Айтуларынша, бұл жолды саналы түрде таңдаған, өйткені болашақта адамдардың өмірін құтқарғысы келеді.

Жастілек Рамазан, әскерге шақырылушы

Мен өзім саналы түрде осы жолды, осы әскер түрін таңдадым.Артықшылығы – адамдарды құтқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамға пайдалы болу.Өрт сөндіру бөліміне барып, осы салада мансабымды жалғастырғым келеді.

Айте кетейік, жыл сайын ТЖМ бөлімшелерінде қызмет еткісі келетін жастар саны артып келеді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, көптеген жас сарбаздар әскери қызметтен кейін азаматтық қорғау жүйесінде жұмысын жалғастырады.

Бүгінде ел бойынша ТЖМ-нің бес әскери бөлімі жұмыс істейді: солтүстікте, оңтүстікте, шығыста, батыста және орталықта. Әскерге шақыру жылына екі рет өткізіледі. Төтенше жағдайлар департаментінің айтуынша, Павлодар облысы соңғы бес жыл бойы әскерге шақыру жоспарын толық орындап келеді.

Дильназ Қуанышбекқызы