Павлодарда колледж студенттері арасында ұйымдастырылған «Сайлау» іскерлік ойынының финалы өтті. Жастар жобасы түрлі оқу орындарының студенттерін біріктіріп, қатысушыларға шынайы сайлау процесінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде таныстыруға мүмкіндік берді. Шара барысында жастар өз білімдерін сынап, шешім қабылдау қабілеті мен көшбасшылық қасиеттерін көрсетті.

Финалдық кезеңге бірнеше колледждің студенттері қатысты. Олар үшін бұл жай ғана ойын емес, сайлау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін іс жүзінде түсінуге бағытталған тәжірибелік алаң болды. Студенттер дауыс беру процесін ұйымдастырудан бастап, қорытынды шығаруға дейінгі кезеңдерді орындады. Шара барысында жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Виктор Пряхин, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты

Бүгін біз «Сайлау» іскерлік ойынының финалында отырмыз. Жастардың қоғамдық-саяси өмірге қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Осындай жобалар арқылы олардың көшбасшылық қабілеттері анықталады. Бүгін үздік қатысушылар марапатталып, алғыс хаттар мен сертификаттар табысталады.

Іскерлік ойын барысында студенттер учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар және ұйымдастырушылар рөлін атқарды. Әр кезең қатысушылардан мұқияттылықты, жауапкершілікті және ережелерді қатаң сақтауды талап етті. Студенттер үшін бұл қоғамдық-саяси бағыттағы алғашқы тәжірибе болды.

Сергей Щукин, студент

Мен бұл іскерлік ойынға қатысу үшін келдім. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы рөлін атқардым. Біздің міндетіміз — барлық ереженің сақталуын бақылап, сайлау процесінің әділ әрі дұрыс өтуін қадағалау болды. Дауыс беру нәтижелері нақты есептеліп, ойын жоғары деңгейде өтті. Дайындық барысында түрлі дәрістер ұйымдастырылды. Сөз сөйлеуге арнайы материалдар дайындап, жан-жақты дайындалдым.

Жеңімпаз командалар мен студенттер сертификаттармен марапатталды. Мұндай жобалар жастардың білімін арттырып қана қоймай, азаматтық қоғам үдерістерін тәжірибе арқылы түсінуіне жол ашады.

Сабина Жолдаспаева