Қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету маңызды. Осы мақсатта «Аманат» партиясының облыстық филиалында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Қамқорлық пен сенім кеңістігі» атты диалог алаңы ұйымдастырылды.
Жоба ерекше қажеттілігі бар жандарға кешенді қолдау көрсетуге бағытталған. Шараға заңгерлер, психологтар, Ұлттық банк, Кәсіпкерлер палатасы және өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты.
Асылбек Туғанбай, «Amanat» партиясының ПОФ төрағасы
Бұл жоба аясында мүгедектігі бар адамдар және ерекше балалрды тәрбиелеп отырған ата-аналар осы жерге жиналып, осы алаңда 28 мемлекеттік органдар және медициналық мекемелер, одан басқа депутаттар, қоғам өкілдері, басқа адамдар келіп, қоғамдық қабылдау өткізіп осы жерде, сол адамдардың мәселелерін қарастырып және ол кісілерге қандай қолдау тетіктері бар – осы мәселелерді қарастыру үшін бас қосып отырмыз.
Кездесу барысында тұрғындарға әлеуметтік көмек түрлері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, қатысушылар оңалту шаралары, жұмыспен қамту және өзге де өзекті мәселелер бойынша өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды.
Сандуғаш Мырзаханова, Павлодар қаласының тұрғыны
«Ұлым Дархан – 21 жаста. Тумысынан балалардың сал ауруы диагнозы бар. Сөйлеу мен есту мүкістігі бар. №15 мектепті аяқтады, үйден білім алды. Кейін Сервис және тамақтану колледжін тәмамдап, жастар практикасы бойынша алғашқы жұмыс орны берілді. Қазір сол колледжде аспаз көмекшісі болып жұмыс істейді. Менің жалғыз сұрағым бар – бізге ересектерге арналған логопед керек. Мен барған логопедтер тек инсульт алғандар жандармен жұмыс істейтінін жеткізді. Бізді қабылдаудан бас тартты, себебі баламның сөйлеу бұзылысы туа біткен, яғни дизартрия және есту мүкістігі бар. Сұрағымды жазып алды. Шешетін боламыз деді.
Мұндай шаралардың азаматтар мен қолдау көрсететін бейінді мекемелер арасындағы байланысты нығайтуда мәні зор. Осы арқылы әрбір жан тиісті қолдау алып, қоғам өміріне толыққанды араласу мүмкіндігіне ие болады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрақты әрі жүйелі түрде өткізіліп тұрады.
Жұлдыз Қабылденова