Павлодар облысында еңбек нарығында жағдай тұрақты. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен алыстырғанда өзгеріссіз қалып отыр.
Ксм: Биыл өңірде Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 25 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 72 пайызы тұрақты жұмыс орындары. Жыл басынан бері 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып үлгерген. Бұл жоспардың 60 пайыздан астамын құрайды. Оның ішінде 9700-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Алайда жұмыспен қамтылғандардың тек 69 пайызы ғана зейнетақы жарналарын төлейді. Бұл көрсеткіш өңірде еңбек қатынастарын заңдастыру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын көрсетіп отыр.
«10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша бүгінгі күнге дейін 3465 жұмыс орны құрылған. Бұл жалпы жоспардың 46 пайызын құрайды. Мамандар бұл бағыттағы негізгі нәтижелер жылдың екінші жартысында байқалатынын айтады.
Жастарды қолдау бағытындағы бастамалар да өз нәтижесін беруде. Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері үшін “Жастар практикасы” мен “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Бұл жобалар жас мамандардың еңбекке бейімделуіне, алғашқы тәжірибе жинақтауына және тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отыр.
Дильназ Қуаынбекқызы