Сұрағанов көшесі, 12 бөлшек 1 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындары аула ішіндегі баскетбол алаңының апатты жағдайына алаңдаулы. Спорт алаңы осыдан он жыл бұрын салынған. Алайда содан бері ешқандай жөндеу көрмеген.Баскетбол алаңы қандай күйде? Біз көріп қайттық.
Баскетбол алаңының қазіргі күйі сын көтермейді. Қабаты шұрқ тесік, қоршаулары қисайып, сынған. Сақиналар мен торлар жарамсыз күйде. Бұл алаң балалар мен жасөспірімдердің ғана емес, үлкендердің де сүйікті демалыс орны болғанымен, қауіпсіздік мәселелері күн тәртібіне шығып отыр.
Владимир Хитровский, Сұрағанов көшесі 12/1 үйінің тұрғыны
Бұл баскетбол алаңы 2015 жылы салынған. Содан бері он жыл өтті. Қазір алаң шұрық-тесік болып кеткен, өте ескі. Әрине, он жылдың ішінде тозбай қайтсын. Торлардың бәрі ескіріп, жарылып қалған. Жан-жағын өзім дәнекерлеп жүрмін. Бірақ әлі де толық жөндеу керек.
Тұрғындар тек баскетбол алаңын жөндеумен шектелмей, аулаға заман талабына сай, көше жаттығуларына арналған спорттық құралдар орнатылуын да сұрайды. Айтуларынша, мұндай нысан жасөспірімдерден бастап зейнеткерлерге дейін пайдалы болар еді.
Мақпал Қарашашова, Павлодар қаласының тұрғыны
Сұрағанов көшесіндегі баскетболный площадькамызға реконструкция жасау керек. Балалар мында көп, сеткалар ашық. Техника безопасности жоқ. Сондықтан бізге істеп берсе жақсы болу шеді. Сеткалар бәрі спичалары щыққан.Реконструкция керек.Жөндеп берсе жақсы болу шеді.
Сурағанов көшесі, 12 бөлшек 1 үй тұрғындарының тағы бір мәселесі – қоқыс. Аулада орналасқан контейнерлер лық толы. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерге тек олар емес, жанында орналасқан донер сататын павильон кәсіпкерлері де қоқыс тастайды. Редакция атынан біз аталған мәселе бойынша қала әкімдігіне ресми сауал жолдадық. Қазіргі уақытта жауап күтіп отырмыз. Тұрғындар өз өтініштері мен шағымдарының назардан тыс қалмайтынына сенімді. Себебі мәселе тек аула көріктендіруде емес, ең алдымен – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне байланысты.
Дильназ Қуанышбекқызы