«Қаранар» кітабының тұсаукесері өтті
Павлодарда айтыс өнерінің көрнекті өкілі Бейсенбі Мұқажановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қаранар» кітабының тұсаукесері өтті. Тағылымды шараға облыс әкімінің орынбасары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері қатысты. Жиында ақынның ұлттық өнерге сіңірген еңбегі мен шығармашылық мұрасы сөз болды.
Жаңа жинаққа Бейсенбі Мұқажановтың өнер жолын арқау еткен естеліктер мен зерттеу материалдары енген. Сондай-ақ өңір қаламгерлерінің ақын туралы ой-толғамдары мен шығармашылық бағалары топтастырылған. Кітапты құрастырған өлкетанушы Бейбіт Бөжен бұл еңбектің жеке тұлғаның өмірбаянымен шектелмей, қазақ айтысының тарихын тануға да үлес қосатынын айтады.
Бейбіт Бөжен, «Қаранар» кітабының авторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Бейсен ағаның да біраз айтқан дүниелері бар, жазған жазбалары бар. Бұл кітапқа бүкіл шығармашылық енді деп айта алмаймыз. Бұның барлығы ақынның өнерінің өресінің кеңдігін білдіреді. Бұндай облыстың намысын талай шаршытопта қорғаған айтыскер ақындар туралы бүгінгі, кейінгі ұрпақ білу керек.
Кітаптың тұсаукесері салтанатты рәсіммен жалғасты. Зиялы қауым өкілдері басылымның лентасын қиып, оқырманға жол тартқан жаңа еңбектің маңызын атап өтті.
Салтанатты жиында өңірдің рухани өміріне үлес қосып жүрген қаламгерлер мен өнер өкілдерінің еңбегі де назардан тыс қалмады. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова кітап авторы мен ақынның шығармашылық мұрасын насихаттауға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Бүгін ақын өлкетанушы Бейбіт Бөжен Қаранар атты кітабының тұсаукесерінің жарқ көруін бәріміз куәгер болып отырмыз. Өңіріміз үшін бұл қуанышты оқиға. Кітап қазақтың айтыс өнеріне 40 жылдан астам уақытын арнаған Бейсенбі Мұқажанұлының өміріне арналған. Мұнда ақанның өнер жолы мен ұлттық мәдениетке қосқан үлесі баяндалған.
Кездесу барысында Бейсенбі Мұқажановтың өзі де сөз алып, кітаптың қоғам өміріндегі орнына тоқталды. Ақынның айтуынша, мұндай басылымдар өткеннің өнегесін кейінгі буынға жеткізіп, рухани құндылықтарды сақтауға қызмет етеді.
Бейсенбі Мұқажанов, айтыскер, мәдениет саласының ардагері
Тілек айтып, жылы сөздер айтып жүрген барлығыңызға басымды иесін. Кітап деген енді оқушы кезімізде кітап білім бұлағы, білім өмір шырағы деп әліппеден бастап жаттап өстік. Енді қарап отырсам менің ойымша кітап деген заманның тарихы мен болашағы жатыр деп ойлаймын.
Зиялы қауым өкілдері ізгі тілектерін арнап, естелік сыйлықтарын табыстады. Кездесу естелік суретке түсумен аяқталды. «Қаранар» кітабы айтыс өнерінің шежіресін толықтырып, Бейсенбі Мұқажановтың шығармашылық мұрасын келер ұрпаққа танытатын тағылымды еңбек.
Сабина Жолдаспаева