Негізгі Жаңалықтар «Бір шаңырақ астында» зияткерлік сайысы өтті

«Бір шаңырақ астында» зияткерлік сайысы өтті

Павлодардағы Достық үйінде «Бір шаңырақ астында» атты зияткерлік-шығармашылық квиз ойыны өтті. Оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ішкі істер органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер мен жастар қатысты. Олар өз білімдерін сынап, өзара бақ сынады.


Қатысушылар тарих пен мәдениетке қатысты сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмаларды орындады. Шығармашылық қабілеттерін де ортаға салды. Сайысқа бес команда қатысып, жалпы жиырма адам өзара мықтыны анықтады.

Рамиль Смаилов, Павлодар облысы этномәдени бірлестіктері жастар қанатының төрағасы

Достық үйінде шығармашылық фестивальдер мен концерттерден бастап, зияткерлік ойындар, экологиялық акциялар және түрлі үйірмелерге дейін әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Бұл – жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін ашық алаң. Бүгінгі ойынның қорытындысын қазылар алқасы бағалап, қатысушылар жинаған ұпайларына қарай жүлделі орындарға ие болады.

Ойынға қатысушылар түрлі сала бойынша білімдерін ортаға салып, командалық жұмыс дағдыларын шыңдады. Әр команда өз бағытына сай сұрақтарға жауап беріп, ортақ шешім қабылдауға тырысты.

Абылқайыр Әкімов, №5512 әскери бөлімінің сарбазы

Біз арнайы дайындалған жоқпыз. Дегенмен, әр азамат Қазақстанның тарихын, мәдениетін және мемлекетіміздің қалыптасу жолын білуі керек. Бүгінгі ойын барысында білімімізді тексеріп, дайындық деңгейімізді байқадық. Мұндай шаралар жас ұрпақ үшін пайдалы деп ойлаймын. Мен музыка және кино тарихы бағыты бойынша жауап беремін. Ал командамызға әртүрлі саланы меңгерген жігіттерді жинадық.

Сайыс қорытындысы бойынша командалардың жұмысы қазылар алқасының бағалауымен сараланды. Қатысушылар жинаған ұпайларына сәйкес жүлделі орындарға ие болды. Мұндай кездесулер жастардың білімін жетілдіріп қана қоймай, түрлі сала өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына да жол ашады.


Сабина Жолдаспаева




Бөлісу