№1 қалалық аурухананың босану бөлімшесі жабылғалы жүктеме облыстық перинаталдық орталыққа түсті. Өңірдің барлық жүкті келіншектері осында жүгінеді. Орталық қазір қалай жұмыс жасап тұр? Тілшіміз айтсын
Бұл перинаталдық орталықтың жүкті әйелдер патология бөлімшесі. Мында аяғы ауыр келіншектер жүктілік кезіндегі қандай да бір шұғыл сырқаттарын, жағдайларды алдын алуға, ана мен бала үшін маңызды кезеңді барынша қауіпсіз ету үшін жұмыс жүргізіледі. Күні-түні акушер-гинекологтар ауысымда қызмет етеді.
Аида Айтқанова, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесінің акушер-гинеколог дәрігері
Жүктілік кезіндегі қант диабеті, артериялық қан қысымының көтерілуі, жалған толғақ, жүктілік кезіндегі ісіну, су кету. Осында жатады, дәрілерін алады.
Бөлімше 28 орынға шақталған. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай палаталардың кейбірі бос, яғни қаладағы босану бөлімшесінің жабылуы соншалықты әсер етпеген көрінеді.
Дастан Қаймалда, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының жан сақтау және интенсивті терапия бөлімшесінің дәрігері
Жаңа туған сәбилердің реанимациясы 21 орынға арналған. Оның 12 орны жан сақтау бөліміне, 9-сы аса қажеттілігі бар балаларға арналған. Біз қазір штатты режимде жұмыс жасап жатырмыз. Қалалық аурухананың босану бөлімшесі жабылғалы бізге аса жүктеме түспеді. Сол қалпында жұмыс жасап жатырмыз. Қазір бөлімшеде 18 сәби жатыр, олардың 11-і реанимацияда.
Сонымен, Павлодар облыстық перинаталдық орталығы қазір штатты режимде ана мен баланың өмірін сақтау жолында жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, соңғы өзгерістер әзірге перинаталдық орталыққа кері әсерін тигізбеген.
Самал Қалиқызы