Әз халқы үшін өлеңмен ой толғап, сөз өнерімен ел рухын асқақтатқан ұлы тұлға — Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналып түрлі шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі Ертіс елінде өткен халықаралық ақындар айтысы болды. Оған 12 айтыскер ақын қатысты. Толығырақ тілші материалынан көрейік.
Абай дәстүрін жалғап, Мағжандармен үндескен, елдің мұңын мұңдап, қуанышын жырға қосқан Иса Байзақов – халық жүрегінен орын алған қайраткер тұлға.
Дүлдүл ақынның мерейтойында сөз сөйлеген өңір басшысы Иса мұрасының халқымыздың рухани өміріндегі алар орнын ерекше атап өтті.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлы бабаларымызды ұлықтау біздің перзенттік парызымыз деп атап өтті. Дастарханымыздағы нанның бесігі атанған Ертіс ауданы тау тұлғаны дүниеге әкеліп, оның жырынан нәр алған киелі мекен. Қымбатты алты алаштың дүйім жұрты! Бүгін шынымен де Ертіс елінде ұлы той. Сарыарқаны домбырамен тербетіп, күйімен өрнектеген Иса Байзақұлының өнегесі өскелең ұрпаққа ұмытылмас мұра.
Бұл рухани шараға ақын ұрпақтары қатысты. Қазақ өнерінің қазынасы саналатын суырып салма айтыс дәстүрі ұлықтап қана қоймай, Иса ақынның әдеби мұрасын жаңа буынға кеңінен насихаттауға бағытталды.
Құралай Байзақова, Иса Байзақовтың немересі
Атамыздың өмірін, өлеңін осында отырғандардың барлығы біледі. Бірақ оның барлығын көпұлтты Қазақстандық елге насихаттауға барлығымыз үлес қосып жатырмыз.
Жыр аламанына Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстаннан келген 12 адуынды ақындар қатысты. Ал финалдық кезеңге 6 ақын жолдама алып,ұлттың үнін ұлықтап, өлеңмен өрнектеген ойларын ортаға салды.
Аманжол Әлтай, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, ақын
Дала дауылпазы, ұлтымыздың тау тұлғаларының бірі, сан қырлы өнер иесі Иса Байзақовтың 125 жылдық құтты болсын ардақты ағайын.
Сахна төрінде суырыпсалма өнердің шеберлері терең мазмұнды, отты айтыс өрбітіп,көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Жыр додасында барлық қатысушы ақынға 500.000 мың теңге арнайы жүлде табысталды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев айтыстың бас бәйгесі автокөлікті жеңіп алды. Осылайша Иса жыры ұрпақ санасында жаңғырып, қазақ айтысының мәңгі жасай берер көрінісін көрсетті.
Қымбат Садық