Павлодарда Қазақстан Халқы ассамлеясының 30 жылдығына орай “Жас еңбеккер- ел үміті” форумы өтті. Оған өңірдің этномәдени өкілдері, жастар қатысты. Шараның басты қонағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов болды.

Іс-шараға жастар, кәсіпорын басшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, оқушылардың жазғы жұмыспен қамтылу жобаларына қатысушылар, ата-аналар қауымдастығы, жұмысшы жастар мен мемлекеттік орган басшылары қатысты. Негізгі мақсат- жастарды еңбекке ерте баулудың маңыздылығын түсіндіру, жұмысшы мамандықтардың абыройын көтеру.

Қазіргі жастар еңбекке ерте араласып, жан-жақты болуға ұмтылады. Білім алып, белгілі бір мамандық иесі болып, өмірде өз жолдарын табуға асығады. Олардың түрлі теріс жолдар мен ағымдардан аулақ болуы да осыдан. Бұл Евгеньевка ауылының тұрғыны Еркебұлан Тіленіш. Мектеп оқушысы болса да жергілікті шаруаларда жұмыс істеп, ата анасына қолғабыс болып жүр. Осындай мысалдар жетерлік.

Сондай-ақ форумға «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Божко мен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Ғабдулұлы Жұмырбаев қатысты. Елдің үлкендері де жастардың іске ерте жастан келгенін құптайды. Аумалы- төкпелі заманда азаматтардың жан- жақты дамыған, көзі ашық, көкірегі ояу, өз саласын меңгерген болуы өте маңызды. Олардың заңгер, қаржыгер болып қана қоймай ауыл шаруашылығы маманы, ветеринар болғаны да жөн.

Бұл форум — өңіріміздегі этносаралық келісімді одан әрі нығайту, мәдени алмасуды дамыту және Қазақстандағы түрлі этностардың бірлігін сақтап, Қазақстанның болашағына бірге үлес қосу үшін маңызды. Бүгін айтылған пікірлер, ұсынылған бастамалар жастардың еңбегі мен болашағы үшін жаңа бет ашты.

Самал Қалиқызы