Сан қыранды самғатқан Шарбақты ауылының білім ордасына биыл тура 60 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім белесіндегі іргелі мектептен ғалымдар да, жұлдызы биік өнер майталмандары мен қоғам қайраткерлері, яғни елдің біртуар азаматтары түлеп ұшқан. Оқу ордасының мерейтойына арналған салтанатты жиынға әр жылдары білім алған оқушылар жиналды.
Алтын ұя қашанда ыстық. Биыл талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған іргелі білім ордаларының бірі де бірегейі Шарбақты ауылының оқу ордасына 60 жыл толып отыр. Мерейтойға арналған кеште елудегі ел ағасы да, сексеннің сеңгіріндегі қариялар да қадірлі қонақ болды. Мектеп түлектері бір-бірімен жылы жүздесіп, бір сәт балалық шаққа оралды.
Сартай Қайдаров, мектеп түлегі
Осы мектепті 11 бітіріп, өзім сол әрі қарай шаруашылықпен жұмыс істеп кеттім. Енді мектепті мен сондай үздік бітірдім деп айта алмаймын. Бірақ көптен қалмай бітірген жәйім бар. Маған тәрбие берген мұғалімдер қазір жоқ, қазір бір ғана ұстазым қалды. Тек Алла оған өмір берсін. Ұстаз көргеннің ұстанымы жақсы деген қазақтың мақалы бар, сондықтан жастарға сенемін.
1966 жылы іргесі қаланған ауыл мектебінің тарихы тереңде жатыр. 60 жылдың ішінде үлкен өмірге қадам бастырған білім ордасы өзінің түлектерін құшақ жая қарсы алды. Елді-мекеннің талай ұл-қызын білім нәрімен сусындатып, қолдарына қалам ұстатқан, ерекше құрметке ие ардагер-ұстаздар бүгін де еңбек етіп жүр.
Зейнеп Нұралиева, Шарбақты ЖОББМ шетел тілі пәнінің мұғалімі
1988 жылы Алматы шетел тілі институтын бітіріп, осы мектепке неміс тілі мұғалімі болып, жұмысқа кірдім. 1993 жылы мектебіміздің директорының ұсынысымен ағылшын тілін енгізуді жөн көрдік. Содан бергі оқыған осы мектептен ұшып шыққан түлектеріміз аудан, облыс, республика көлемінде ЖОО, колледж, мектептерде мықты мамандар болып қызмет атқаруда.
60 жылда оқу ордасына 11 басшы жетекшілік еткен. Осы уақыт аралығында киелі қара шаңырақта біршама ауқымды жұмыс жасалды.
Айжан Белгібаева, Шарбақты ЖОББМ директоры
1966 жылдан бері мектебімізден 2224 түлек түлеп ұшқан. Бүгінгі күнде мектеп түлектері әр түрлі салада еңбек етіп жатыр. «Өткеніміз өнеге, күткеніміз келешек» демекші әр адамның жүрегіне ыстық сағыныш ұялататын білім ордасы өшірілмес із қалдырады.
Сан мыңдаған шәкірттің қанатын қомдаған киелі шаңырақтың 60 жылдығына орай ауыл азаматтары 12 млн теңгеге мектепке қажетті құрал жабдықтарды сыйға тартқан. Мерейтойға арналған салтанатты жиыннан кейін ұлттық спорт түрлерінен, яғни арқан тарту, қошқар көтеру және бәйге ұйымдастырылып, кіл мықтыларға қаржылай сыйлық табысталды.
Дилназ Қуанышбекқызы