Павлодарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы форум өтті. Іс-шарада әйелдердің құқықтарын қорғау және дағдарыс жағдайындағы отбасыларға қолдау көрсетуге арналды. Қазіргі таңда орталықта 33 адам әлеуметтік көмек алып жатыр. Оның ішінде 10 әйел мен 23 бала бар.
Форум барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің өмірлік оқиғалары айтылып, олардың қоғамға қайта бейімделу жолдары талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қолдау алған нәзік жандылардың арасында баспаналы болып, тұрақты жұмысқа орналасқандары да бар.
Роза Жүсіпова, ЖСДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы
«Біз бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің нақты оқиғаларын көрсеткіміз келеді. Қазіргі таңда қолдау алып, баспаналы болып, жұмысқа орналасқан әйелдер бар. Сонымен қатар, олармен бірге арнайы подкаст түсірдік. Бүгінгі форумда осының барлығы қамтылады».
Арнайы Алматы қаласынан келген мамандар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Форумда ана мен балаға әлеуметтік көмек көрсету, уақытша баспанамен қамту және психологиялық қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Раушан Алпысбаева, Алматы облысы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры
Бұл – тәжірибе алмасуға арналған маңызды кездесу. Біз облыстық деңгейде жұмыс істейміз. Ана мен балаға көмек көрсету кезінде қолданылатын шараларды бақылап, олардың болашақ өмірінің жақсаруына ықпал етеміз деп ойлаймын. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек алушыларға арналған уақытша баспана тәжірибесін өз облысымызға енгізсек деген жоспарымыз бар. Бұл – өте тиімді көмек».
Форумға дағдарыс орталығының өкілдері, полиция қызметкерлері және партия мүшелері қатысты. Мамандардың айтуынша, басты мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, әйелдерге құқықтық әрі психологиялық қолдау көрсету.
Бақытжан Тұрсаринова, Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы
«Біздің тарапымыздан әйел азаматшалардың мәселелерін шешу мақсатында құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту, тиісті шара қолдану және әділдікке қол жеткізу бағытында жұмыстар жүргізілуде».
Мұндай форумдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып қана қоймай, қиын жағдайға тап болған әйелдерге жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да қолдау жобалары мен әлеуметтік бағдарламалар жалғасатынын айтады.
Дильназ Қуанышбекқызы