Май ауданында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Облыстың түкпір-түкпірінен және көршілес облыстардан келген тазылар жарысты. Сондай-ақ, көрермендер аламан бәйгесін тамашалады. Толығырақ әріптесім Байтұрсын Жұмабай тарқатсын.
Сайыс Май ауданына қарасты Баскөл ауылының маңында ұйымдастырылды. Жарысқа 54 құмай тазы қатысып, 1 шақырым қашықтықта бақ сынады. Жүйріктігі мен алғырлығымен ерекшеленген тазылар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Марат Шамсулиев, төреші
Мына қазақстанның түкпір-түкпірінен Тазылар келіп отыр. Қарағанды, Семей, Ақмола т.б қалалардан келіп отыр. Енді ұлттық спорт болған соң Тазы жарысын қолға алып жатыр барлығы.
Астанадан келген тазы бас жүлде иеленді. Баптаушы Нұрлан Жанатай. Ал Қарағандылық Азамат Төкешов баптаған тазы екінші орынға ие болса, Ақмола облысынан келген Бірлік Уәлиевтің тазысы үшінші орынды місе тұтты. Жарыстан кейін ауыл азаматтары арқан тартысып, күш сынасты.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған сәттердің бірі — ат бәйгесі болды. 25 шақырымдық аламан бәйгеге 18 шабандоз қатысып, үздік бестік анықталды.
Ал топ бәйгеде 18 ат 10 шақырым қашықтықты бағындырды. Бұл сында Ақтоғай ауданынан келген Баттал Мұсаұлы баптаған тұлпар мәреге бірінші болып жетіп, 150 мың теңге жүлдені иеленді.
Ат жарысында жүлделі екінші және үшінші орындарды Семей мен Май ауданының сәйгүліктері еншіледі. Олар сәйкесінше 100 мың және 50 мың теңге сыйақымен марапатталды.
Байтұрсын Жұмабай