Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласын абаттандыру және инфрақұрылым жағдайын жақсарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарды тексерді.

Биыл Павлодарда 50 балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 20-сы толық аяқталып, тағы 10 алаңда құрылыс жүріп жатыр . Жоспарланған барлық жұмыстарды маусым айында аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ, биыл салынуы тиіс 10 шағын футбол алаңының 7 еуінде жұмыс аяқталған. Бұқаралық спортты дамыту жолында жаттығу алаңдары да салынуда.

Қалада қолайлы демалыс аумақтарын құру жұмыстары да қарқын алуда. Ол үшін шағын скверлер санын көбейту жоспарланған.

Бұндай скверлерді салу кезінде тұрғындардың пікірі мен ұсыныстары міндетті түрде ескеріледі. Қазіргі аяқталған жұмысқа тұрғындардың көңілі толатындығы байқалады.

Сонымен қатар биыл 22 балабақшада балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Оның екеуі қазіргі уақытта дайын. Біреуінде құрылыс жүріп жатыр. Ойын алаңдары жас ерекшеліктеріне бөлініп салынуда. Жалпы жұмыс ойын алаңдарын орнатудан ғана тұрмайды. Балабақша аумағын жаңартутың кешенді жұмысы ретінде атқарылады.

Павлодарда орталық стадиондағы жасанды төсем толық ауыстырылуда. Жасыл алаң ФИФА стандартына сәйкестендіріледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталады. Одан кейін сертификаттау рәсімі басталады. Сертификат алынған соң ғана стадионда ресми ойындар өткізуге рұқсат беріледі. Ал жаңартылған алаңдағы алғашқы матч 10 маусымға жоспарланған.

Сондай-ақ, облыс әкімі 2018 жылдан бері аяқталмай келе жатқан қосалқы станцияда да болды. Нысан қазір жаңарып, іске қосылған. Қуаты 40 мегаватты құрайтын екі ирансформатр орнатылған. Станция 50 мың абонетті қамтуға қауқарлы.