Облыста ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асуда. Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылса, Екібастұз ауылдық аймағындағы Шиқылдақ ауылында да жаңартылған өртке қарсы бекет пайдалануға берілді. Бұл – шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Мәмәйіт Омаров ауылындағы жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылу рәсіміне төтенше жағдайлар департаменті, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жаңа бекет Мәмәйіт Омаров, Еңбек, Дөнентаев, Сырлықала, Құркөл және Көктерек ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл елді мекендерде үш мыңнан астам адам тұрады.

Мұнда қызметтік-тұрмыстық бөлмелер, демалыс аймағы және қажетті инфрақұрылым толық жабдықталған. Бекет заманауи өрт-техникалық құралдармен, байланыс жүйелерімен және арнайы қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілді. Нысанға цифрлық қауіпсіздік технологиялары енгізілген.

Болатхан Сукер, Ақсу қаласы М. Омаров ауылдық округінің әкімі

7 елді мекен кіреді осы округке. Облыс бойынша алғашқы рет осындай өрт сөндіру бекеті салынып жатыр. Бұл ауылдық жерлерде өрт сөндіруге өте қолайлы. Қаладан шақыратынбыз әрдайым. Енді жедел әрекет жасайтын боламыз.

Сондай-ақ, Екібастұз қаласына қарасты Шиқылдақ ауылында ерікті өртке қарсы бекет қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. Нысанда тәулік бойы қызмет атқаратын еріктілер үшін жұмыс пен демалысқа қолайлы жағдай қарастырылған. Тұрмыстық бөлмелер мен қажетті инфрақұрылым толық жаңартылған.

Бекет байланыс құралдарымен және өрт сөндіруге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қайта жаңғырту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асқан. Жаңартылған бекет 500-ге жуық тұрғыны бар Шиқылдақ ауылына қызмет көрсетеді.

Сабина Жолдаспаева