Павлодарда көпшілік асыға күткен «ERTIS PROMENADE» сахнасының 2026» жылғы жазғы маусымының ашылу салтанаты өтті. Ертіс жағалауына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары ерекше атмосфераға куә болды. Жағажай сахнасы түрлі жарық шамдарымен, заманауи иллюминациялармен безендіріліп, кешке ерекше сән берді. Музыкалық кеште қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Кештің шымылдығын танымал жүргізушілер Балжан Бидаш пен Ғалымжан Кеңшілік ашты. Олар көрерменмен еркін әңгімелесіп, концерттік бағдарламаның сәнін келтірді. Ертіс жағалауына жиналған халық сүйікті әншілерін ерекше ықыласпен қарсы алды.

Ғалымжан Кеңшілік, кеш жүргізушісі

Ертіс променад жаңа маусымы ашылды. Павлодарлықтарға құтты болсын. Менің ойымша, әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Алда жаз бойы осындай мерекелік шаралар күтіп тұр сіздерді.

Биылғы концерттік бағдарламада түрлі жанрдағы әншілер өнер көрсетті. Сахнаға Балжан Бидаш, Bayansulu, Truwer және Omerta тобы шықты. Сонымен қатар кештің арнайы қонақтары ресейлік Burito тобы мен әнші NANA болды.

Концертке келген тұрғындар кештен ерекше әсер алғандарын айтады. Қала тұрғындарының сөзінше, мұндай ауқымды шаралар адамдарға жақсы көңіл күй сыйлап, жазғы демалыстың сәнін келтіреді. Көпшілік сүйікті әншілерін жақыннан көріп, концерттік бағдарламаны жоғары бағалады.

Кеш соңында Ертіс жағалауы жарқын отшашумен көмкерілді. Түрлі түске боялған оттар кештің көркін аша түсті. Мерекелік шара әсерлі аяқталды.

Сабина Жолдаспаева