Железиндіктер кешкі уақытта, ашық аспан астында сүйікті фильмдерін тамашалауға мүмкіндік алды. Жоба тұрғындардың көңілінен шығуда. Толығырақ келесі материалымызда.

«Жұлдыз синема» деп аталған жаңа мәдени жоба қазірдің өзінде жергілікті тұрғындарды да, қонақтарды да қызықтыруда. Железин ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі жазғы уақытта тұрғындарға осында тарту жасауды жөн деп шешкен. Негізгі идея адамдар арасында көркем оймен өрілген атмосфера құру.

Айгүл Мұқышева, Железин аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Тұрғындарға жаңа дүние ұсынғымыз келгендіктен, осындай идея келді. Адамдардың бас қосып, өзара әңгімелесіп, әрі кино тамашалауға үлкен мүмкіндік. Жабық ғимараттағыдай емес, фильм тамашалау еркін болады. Барлық жағдай жасалған. Кинотеатр маңына сауда да ұйымдастырылды.

Бұнда достармен бірге, отбасымен келіп те кино көруге болады. Жайлы ортана сезініп үлгерген тұрғындар өз әсерлермен де бөлсіуде.

Ғалия Әбдіразақова, Железин ауданының құрметті азаматы

Немерем мен шөберем Ханты-Мансийскіден қонаққа келді. Осындай жобаны мұны естіп, кешке қыдыруға шықтық. Бәрінің көңілді екендігін көрдік. Адамдар шөп үстінде, астыларына көрпе төсеп алып емін-еркін кино көруде. Кешкі самал да әсерлі сәтті әрлей түсті. Біз үшін таңсық әрі өте қызықты болды. Немереме қатты ұнады.

Ұйымдастырушылар фильмдерді көрермендердің сұранысына назар аудара отырып, алдын ала таңдайды. Әзірге көрсетілім ауа райы жағдайына байланысты аптасына бір рет өтуде.

Айгүл Мұқышева, Железин аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Аптасына бір рет. Қайталап көргісі келетіндер болса мүмкіндігінше аптасына бірнеше рет өткізуге болады. Қазір тіпті ауылдық округтерді аралап, ауылдарда осы кинотеатрды көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Тұрғындардың айтуынша бұл жоба ауылға жағымды орта құрып қана қоймай, естеліктерді де жаңғыртуда.

Ашық аспан астындағы кинотеатр кешкі уақытты мазмұнды ғана емес, сонымен бірге шынайы қарым-қатынасты қалпына келтіруге, балаларды гаджет экрандарынан алшақтатуға және ауыл тұрғындарына жаңа мәдени кеңістік сыйлауға жасалған қадам.

Александра Алябьева