Тау тұлғалардың мерейтойы Баянауылда өткен тойға ұласты. Мұнда 100-ден астам киіз үй тігіліп, «Үш дәуірдің айтысы» атты тың жоба ұйымдастырылды. Жиналған жұртшылықты елімізге белгілі «МузАрт» тобы да құттықтады.
Демалыс күндері қасиетті Баянауылдың баурайында ел руханияты үшін елеулі оқиға өтті. Халық композиторы, даңқты әнші Жаяу Мұсаның туғанына 190 жыл, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаев пен қазақ кинематографиясының негізін қалаушылардың бірі Қуат Әбусейітовтің 100 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.
Жиналған жұртшылық дәстүр мен тарих тоғысқан айтыс өнеріне куә болды. Айтыстың бұл жолғы ерекшелігі – үш буынның бір сахнада кездесуі еді. Олардың қатарында Жұмкен Сейітов, Серік Құсанбаев, Бекарыс Шойбеков, Алтынгүл Қасымбекова, Айбек Қалиев, Балғынбек Имашев, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатай сынды белгілі айтыскерлер болды.
Бұл күні мерейтой иелерінің ұрпақтары да шараға қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Солардың бірі – Жаяу Мұсаның жиеншары Гүлбаршын Орханқызы. Сондай-ақ Қалмұқан Исабаевтың туыстары да естеліктерімен бөлісті.
Туған жерге тағзым етіп, ұлттық өнерге құрмет көрсеткен өнер майталмандарының жүрегі де ел деп соқты. Тойға жиналған жұртшылықты жергілікті әншілермен қатар, «МузАрт» тобы мен әнші Меруерт Түсіпбаева да құттықтады.
Мерейтой аясында 100-ден астам киіз үй тігіліп, барлық ауыл тұрғындары белсене атсалысты. Думанды той спорттық шаралармен де жалғасты: қазақша күрес, көкпар, бәйге ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен автокөлік табыс етілді.
Төрт тұлғаның мерейтойы көптің қуанышы болды. Тарихты таныған ел ғана тамыры терең ұлт бола алады. Ұлыларды ұлықтаған бұл шара ұрпаққа үлгі-өнеге екені анық.
Қымбат Садық