Баянауыл ауданында тұғырлы төрт тұлғаның мерейтойына арналған конференция өтті. Жұртшылыққа қазақ ән өнерінің дара тұлғасы Жаяу Мұса, сатирик-журналист Қадыр Тайшықов, жазушы Қалмұқан Исабай мен кинорежиссер Қуат Әбусейітов туралы мол мағлұмат берілді. Барша қатысушы олардың өмірі мен еңбегіне ой жүгіртті. Шараға зерттеуші ғалымдар, тұлғалардың ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Конференцияда тарих пен мәдениетте із қалдырған тұлғалар туралы баяндамалар жасалды. Жазушы, майдангер Қалмұқан Исабайдың қызы Баян Қалмұқанқызы қаламгердің шығармашылығы, тарихи және көркем шындық турасында ой бөлісіп, әкесінің мұрасы жайында айтты. Оның айтуынша, жазушы өмірінің 40 жылын дерек жинауға арнап, «Шоң би» туралы трилогиясында халыққа қорған болған биік рухты тұлғаны айрықша бейнелеген.


Тағдыры ауыр кезеңге тап келген қаламгерлердің бірі – Қадыр Тайшықов. Ол 1937 жылы ұсталып, репрессияға ұшыраған. Бүгінде өмірі мен шығармашылығы қайта зерттеліп, жүйеге түсуде. Өлкетанушы Сайлау Байбосын Қадыр Тайшықовтың еңбек жолын Қаныш Сәтбаев қызмет атқарған кезеңнен бастағанын айтып, тың деректермен бөлісті.


Шарадан соң зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер Қалмұқан Исабай атындағы аудандық кітапханаға барды. Онда мерейтой иелеріне арналған көрме ұсынылып, жазушыға арналған арнайы кабинет таныстырылды. Кейін дөңгелек үстелде әдебиеттің тынысы, бүгінгі жастардың шығармашылық әлеуеті және прозаның болашағы туралы пікір алмасылды. Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған проза байқауы қорытындыланып, келіп түскен шығармалар талқыланды.


Қазылар алқасының мүшесі, жазушы Қанат Әбілқайыр өңірден шыққан жаңа буын жазушылардың әлеуетін атап өтті. Оның айтуынша, бұл байқау елдік әрі ұлттық мәселелерді көтерген Қалмұқан Исабайдың рухына лайықты шара болды.


Марапаттау рәсімі аудандық мәдениет үйінде өтті. Қалмұқан Исабай атындағы проза байқауының бас жүлдесін Жақсыбек Шанышқылы иеленді. Жүлдегерлер қатарында арнамыздың тілшісі Жанасыл Серікбол да болды. Сонымен қатар, Қадыр Тайшықов атындағы сатира байқауының бас жүлдесі Алпысбай Хонджға бұйырды.


Жанасыл Серікбол