Қазақ даласына қасиетімен танылған, шипалы алақаны талай жанның дертіне дауа болған дара тұлға Мерғалым Мұхтариханұлы Қабдуллиннің 90 жылдық мерейтойы туған топырағында кең көлемде аталып өтті. Бұл күн тек бір азаматтың мерейтойы ғана емес, тұтас елдің рухын көтерген ұлы тойға айналды.


Алдымен Мерғалым атаның кесенесіне зиярат жасалып, Құран бағышталды. Бұдан кейін ел ағалары мен атаның ұрпақтары тағылымды естеліктерімен бөлісіп, рухани шара концерттік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ ауыл азаматтары аудан әкімінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.


Салтанатты жиында ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері сөз алып, елдік пен адамдықтың үлгісін танытқан атаның еңбегіне тағзым етті. Ауыл халқы мен алыстан келген ағайындар бір-бірін құттықтап, шат-шадыман күйге бөленді.


Бар-жоғы елу бір жыл өмір сүрсе де, Мерғалым Мұхтариханұлы артына мәңгілік мұра қалдырды. Емшілік қасиеті бала жастан дарыған ол, өмірінің соңына дейін елдің дертіне ем, көңіліне медеу бола білді. Оның шипасы мен шежірелі тағдыры бүгінде аңызға айналды.


Бүгінде атаның ұрпақтары әке жолын ұлықтап, ел игілігі үшін еңбек етуде. Мерейтой тек өткенді еске алу емес, рухты жаңғырту, аманатты жалғау болды.


Той барысында өткен «Қасиет қонған киелі жанның құрметіне» атты айтыс жас ақындар мен сөз шеберлерінің суырыпсалма өнерін паш етті. Оларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар аламан бәйге, қазақ күресі, көкпар секілді ұлттық спорт түрлері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Көкпар бәсекесінде топ жарған Мерғалым ауылының командасы 1 миллион теңгенің жүлдесін иеленді.


Бұл мерейтой — елге өнеге, ұрпаққа аманат. Мерғалым атаның шипалы жолы мен қасиетті ғұмыры халық жадында мәңгі сақталады.


Дильназ Қуанышбекқызы