Тереңкөл ауданындағы аграрлы-техникалық колледжде студенттер төрт мамандық бойынша білім алады. Жастардың басым бөлігі ауыл шаруашылығының механизациясы мамандығын таңдайды.
Аталған оқу орны 1965 жылы ашылған. Биыл колледждің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Қазіргі таңда мұнда 110 студент білім алуда. Алдағы жаңа оқу жылында тағы 75 жас қабылданбақ.
Колледж директоры Рашид Ғабидуллиннің айтуынша, мемлекет басшысы бұл жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп бекіткен. Соған орай ауыл шаруашылығы техникаларын механизациялау бойынша жаңа кабинет ашылып, оған 50 миллион теңгеге жаңа техника сатып алынған. Оның ішінде тракторлар, комбайндар, жаттығу құралдары мен тіркегіштер бар.
Студенттер төрт мамандық бойынша оқиды: дәнекерлеу ісі, ауыл шаруашылығының механизациясы, тамақтандыруды ұйымдастыру және бухгалтерлік есеп. Ең ірі бағыт – ауыл шаруашылығының механизациясы.
Колледжде тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге арналған арнайы оқу-егін шаруашылығы алаңы бар. Мұнда 85 гектарға күнбағыс, 50 гектарға бидай егіледі. Оқу мерзімі үш жылды қамтиды. Бірінші курста студенттер теориялық білім алса, екінші және үшінші курстарда дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Яғни жастар кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби құзыреттіліктерін шыңдайды.
Колледж түлектерінің 95 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Қалғандары әскерге кететін немесе тұрмысқа шығатын жастармен байланысты. Жергілікті шаруа қожалықтарда практикадан өткен студенттердің басым бөлігі сол жерде еңбек жолын жалғастырады.
Осылайша, жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр.
Самал Қалиқызы