Облыс әкімдігі мен «Алтыналмас» АҚ өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Құжат үш негізгі мәселені шешуді көздейді: апатты үйлерден тұрғындарды көшіру, қазандықты жаңғырту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту.
Былтыр төрт құтқарушының өмірін жалмаған «Майқайыңалтын» АҚ-ның барлық капиталдары, соның ішінде алтын кеніші мен комбинаты, толықтай «Алтыналмас» компаниясының қарауына өткен. Ал Майқайың кентіндегі кеніштің дәл түбінде, санитарлық-қорғаныс аймағында орналасқан 76 үйдің мәселесі былтырдан бері көтеріліп келеді. Осы жағдайды шешу мақсатында облыс әкімі Асайын Байханов кәсіпорын құрылтайшыларымен бірнеше рет кездесіп, өзара серіктестікке қол жеткізді.
Жаңа инвестор 2025 жылдың соңына дейін 1,2 миллиард теңге қаржы жұмсап, Шанхай шағын ауданындағы ескі үйлерді сатып алып, сүріп тастайды. Үйлерді сатып алу құны орта есеппен бір шаршы метрге 89 мың теңге болып белгіленді. Сондай-ақ келер жылы елді мекенде жаңа қазандық салынып, ескісі жаңғыртылады, көшелерді орталық жылу жүйесіне қосу үшін жылу желілерін салу жұмыстары басталады. Инвестор қолданыстағы екі қазандықты жаңартуға және үшіншісін орнатуға 800 миллион теңге бөледі. 2027 жылдың күзіне дейін бұл жұмыстар толығымен аяқталып, шамамен мыңға жуық үй орталық жылу жүйесіне қосылады.
Облыстық бюджеттен де 2026–2027 жылдарға 2 миллиардтан астам қаражат қарастырылмақ. Әкімнің айтуынша, басты бағыт – кәріз жүйесін реконструкциялау, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандарды жаңарту. Биыл жазда апатты жағдайда тұрған музыкалық мектепті көрген әкім жаңа ғимарат тұрғызуға сенім білдірді.
Үш жылдық жоспарға сай әлеуметтік дамуға да инвестиция салу көзделген. Қазір кеніште 850 адам еңбек етеді. Жақын жылдары қызметкерлер санын 1000-ға жеткізу жоспарда бар. Бұл жобалар Майқайыңдағы жағдайды жақсартып, тұрғындардың басқа өңірлерге көшпеуіне ықпал етеді.
Айта кетейік, алдағы үш жылда әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға 4,6 миллиард теңге бөлінеді. Оның ішінде 2,2 миллиард теңгесін «Алтыналмас» компаниясы инвестиция ретінде жұмсамақ.
Әйгерім