Павлодардың орталық жағалауында жаңа технологияның мүмкіндіктері таныстырылды. Төтенше жағдайлар департаменті заманауи дронды қолданысқа енгізді. Бұл ұшқышсыз құрылғы бейнебақылау жүргізумен қатар, дауыс зорайтқыш арқылы халыққа қауіпсіздік ережелерін ескерте алады.
Мамандардың айтуынша, дрон төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге көмектеседі. Енді құтқарушыларға халықпен байланыс орнату, қауіптің алдын алу әлдеқайда жеңіл болмақ. Мәселен, су жағасында үлкендердің қарауынсыз жүрген балаларды анықтап, бірден ескерту жасауға мүмкіндік береді.
Рүстамбек Әмрин, Павлодар облысы ТЖД бастығы
Біз бұл дронды негізінен рейдтік жұмыстарда, алдын алу шараларында және халықты ескерту үшін қолданамыз. Мысалы, радиусы 100 метрде қараусыз жүрген баланы байқасақ, дереу осы құрылғы арқылы хабар береміз. Арнайы топты оқиға орнына жібере аламыз. Жалпы, дронның басты артықшылығы – қауіпсіздікті қадағалаумен қатар, адаммен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретіндігінде.
Бүгінде төтенше жағдайлар департаментінде тоғыз дрон бар. Алайда бүгін көрсетілген құрылғы – дауыс зорайтқышпен жабдықталған алғашқы үлгі. Оның құны – 11 миллион теңгені құрайды.
Жаңа технологияны пайдалану арқылы төтенше жағдайдың алдын алу тиімділігі артады.Алдағы уақытта осындай құрылғыларды құтқару қызметінде кеңінен қолдану жоспарда бар.
Сабина Жолдаспаева