Павлодар облысында балалар жарақаты азаймай тұр. Жыл басынан 17 бала терезеден құлаған, суға кеткендер де бар. Осы ретте дәрігерлер мен төтеншеліктер ата аналарға жауапкершілікті арттыруға кеңес береді.
Жаз уақытында 10-12 жастағы балалар жиі жарақаттанып жатады екен. 7 айда балалардың қатысуымен жол көлік апатының 320 жағдайы тіркелді, екеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Жоғары биіктіктен құлаудың 88 жағдайы тіркелді. Оның 17-сінде балалар терезеден құлаған. Сонымен қатар, құдық, люктерге 4 бала түсіп кеткен.
Талғат Қасымбеков, Павлодар облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері
Жаз уақытында қалааралық, республикалық жолдарда көп жол көлік апаттары тіркеледі. Онда көп балалар зардап шегіп жатады. Тіпті қайғылы жағдайға әкеледі. Мысалы, қала ішінде көлік апаттары көп болса да, онда жарақаттану деңгейі төмен, себебі бағдаршамдар, жылдамдықты өлшегіштер тұрады. Ал, ірі жолдарда жылдамдық қатты ,сәйкесінше зардап шегетін балалар да көп.
Сонымен қатар, жыл басынан 255 баланы күйік шалған, 91 жағдайда балалар ауруханада ем алған. Ал, көшедегі жарақаттар 5 мыңнан асады.
Талғат Қасымбеков, Павлодар облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері
Жаз уақытында бізде 1 жасқа толмаған қыз бала болды. Сорпаға күйіп қалған. Сорпа жалпы жоғары термиялық күйік береді. Бала еңбектеп жүрген. Сорпа тұрған барлық ыдысты үстіне төгіп алған. Басынан басқа барлық жерін күйдіріп алды. Екі аптадай күрестік бала үшін. Қалыпқа келтірдік. Қазір бала амбулаторлық ем қабылдап жатыр.
Өңірде балалар жарақатына қатысты шағымдар көбейген. Бірақ бұл жарақаттар санынын артқанын білдірмейді дейді дәрігер. Тек қазіргі ата аналар күйгелек болып кеткен. Емханаға барғаннан гөрі, ауруханаға келіп қайта тексерілгенді жөн көреді екен.
Серік Шериязданов, Павлодар облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы бастығының орынбасары
Бізде балалардың қатысуымен жаңағы айтқандай биіктіктен құлап жатады. Бұл ата налардың жауапсыздығы, себебі терезелерді бекітіп қоятындай қазір мүмкіндік мол. Келесі жарақаттар балалардың еркелігінен, байқаусыздығынан болып жатады. Отпен, оттықпен ойнап жатады. Судағы қауіпсіздік бойынша, балаларға ересек адамдарсыз су айдындары жанында жүруге қатаң тыйым салынады. Биыл 2 жағдай тіркелді. Екібастұзда рұқсат етілмеген аумақта жасөспірімдер суға түсіп, батып кетті. Рейдтік шаралар кезінде 10-15 жас аралығында ата аналарынсыз жүрген балаларды кездестіреміз, сөйлесіп, әке шешесін шақырып жатамыз.
Әлбетте балалардың қауіпсіздігі әруақытта ата аналардың мойнында. Терезеден құлау, суға кету, күйік шалу сынды қайғылы жағдайлар алдымен осы үйдегі ересектердің балаларға тиісті назар аудармауынан болады дейді мамандар.
Самал Қалиқызы