Елордадан келген ұлттық комиссия мүшелері Павлодар қаласындағы №3 емханаға барды. Делегация «Жастар денсаулық орталығы» мен «Даму және ерте араласу орталығының» жұмысымен танысты. Мұнда жастарға репродуктивті денсаулықты сақтау, психологиялық қолдау көрсету бағытында түрлі кеңес беріледі. Айта кетейік мекемеде жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға арналған әмбебап кабинеттер жұмыс істейді.

 «Жастар денсаулық орталығы» жасөспірімдерге тегін қызмет көрсетеді. Орталыққа 10 жастан 35 жасқа дейінгі кез келген адам келіп, қажетті көмекті алады. Қазір орталықта маңызды медициналық және әлеуметтік қызметтер қолжетімді. Мұнда кәсіби мамандар қабылдау жүргізіп, түрлі тренингтер мен алдын алу шараларын ұйымдастырады.

Алмас Қажынов, Павлодар қаласы №3 емхананың басшысы

Бұл орталықта түрлі медициналық қызмет көрсетіледі. Барлығы тегін. Жастар дәрігерге ұзақ кезексіз жазыла алады. Терапевт, уролог, дерматолог, акушер-гинеколог секілді мамандар кеңес береді. Қажет болған жағдайда ультрадыбыс, зертханалық және аспаптық тексерулер де тегін жасалады. Ол үшін тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы жеткілікті.

Ұлттық комиссия өкілдері орталықтың жастарға бағытталған жұмысының маңыздылығын атап өтті. Делегация мұндай орталықтар жас ұрпаққа қолдау көрсетіп, денсаулықты нығайтуға зор үлес қосатынын жеткізді.

Эльмира Каримова, ҚР президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі

Жастар үшін осындай орындардың болуы өте маңызды. Өйткені әр жасөспірім немесе жас азамат өз мәселесін үйде айта бермейді. Мұнда олар мамандарға ашық айтып, кәсіби кеңес алуға мүмкіндік бар. Денсаулық, эмоционалды күйзеліс, өтпелі кезеңде сезімтал тақырыптар бойынша көмек көрсетіледі. Орталықтар осы үшін қажет.

Одан кейін меймандар «Даму және ерте араласу орталығымен» танысты. Бұл жерде балалардың дамуындағы ауытқулар мен қауіптер ерте кезеңде анықталады. Жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға арналған әмбебап кабинеттер жұмыс істейді. Баланың дамуын бақылап, қажет болған жағдайда мамандар дер кезінде көмек көрсетеді.

Алмас Қажынов, Павлодар қаласы №3 емхананың басшысы

0-ден 5 жасқа дейінгі балалар әлсіз топқа жатады. Сол себепті орталықта скринингтік тексерулер, екпелер жасалады. Арнайы мамандар ата-аналарға интернеттен тараған жалған ақпараттарға сенбеуге кеңес береді. Мұнда медициналық әрі әлеуметтік қауіптердің алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік жағдайы қиын отбасыларға да қолдау көрсетіледі.

Ұлттық комиссия мүшелері орталықтың артықшылықтарын атап өтті. Цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану, әлеуметтік желілер мен чат-боттарды енгізу арқылы жастарға барынша қолжетімді ету керектігін жеткізді.

Эльмира Каримова, ҚР президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі

Жастарға осындай орталықтардың бар екенін жеткізу үшін цифрлық шешімдер өте қажет. Әлеуметтік желілер арқылы дұрыс ақпарат тарату маңызды. Бұл балалар мен жасөспірімдердің қиын сәтте жалғыз еместігін көрсетеді. Олар әрқашан көмекке келе алатын орталық бар екенін білуі керек.

Жалпы, ұлттық комиссия мүшелері Павлодардағы №3 емхана орталықтарының жұмысын жоғары бағалады. Жастарға қолдау көрсету, балалардың дамуын бақылау және денсаулықты сақтау бағытындағы мұндай бастамалар қоғам үшін қажет екені айтылды.

Сабина Жолдаспаева