Павлодар қаласының тұрғындары қысқы маусымда жылусыз қалады деп алаңдамауына болады. Өйткені шаһардың басты жылу көзі саналатын 2 және 3-ші -жылу электр орталықтарында жылыту маусымына қыззу дайындық жүріп жатыр. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Жөндеу мен жаңғырту жұмыстарына «Павлодарэнерго» өз есебінен 2,7 миллиард теңге, ал тағы 2,4 миллиард теңгені «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тартқан. Осыған орай, биыл алты қазандық агрегаттың ауа қыздырғыштары толық ауыстырылды. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ жылу жүйесінің жүрегі іспетті маңызды құрылғылар. Олар жабдықтардың сенімділігі мен тиімді жұмысына тікелей ықпал етеді.
Сергей Петров, 3-ЖЭО директорының міндетін атқарушы
Жалпы алғанда, станцияда 108 ауа қыздырғыш текшесі ауыстырылады. Бұл құрылғылар жабдықтың сенімділігіне, пайдалы әсер коэффициентіне және тиімді жұмысына жауап береді. Жөндеу жұмыстарының басты мақсаты — сенімділікті арттыру. Өйткені қыс мезгілінде бәрінің назары бізге ауып тұрады, ал халық ыңғайсыздықты сезінбеуі тиіс. Сондай-ақ 3-ЖЭО-да жылу желілерін қоректендіру тораптарын қайта құру және жаңғырту аясында үш сорғы ауыстырылды. Олар іске қосылып, сынақтан өтті. Станция жылу маусымына толық дайын.
Мамандардың айтуынша, ауа қыздырғыш текшелер уақыт өте келе күл мен шөгіндіге толып, жылу беру тиімділігін төмендетеді. Олар қазандық агрегаттарының «өкпесі» десек те болады. Сондықтан олардың жаңартылуы – жүйенің өмірін ұзартып, қысым мен тозу деңгейін азайтады.
Сергей Кондратьев, «Павлодарэнерго» АҚ бас инженерінің орынбасары
Жоспар бойынша кезең-кезеңімен қайта құру жалғасады. Келер жылы №1 турбогенераторды толық жаңартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, барлық үш қордырғы мен оларға қатысты жүйелерді ауыстыру жоспарда бар. Бұл – тозуды азайтып, станция жұмысын жаңа деңгейге шығарады.
Жылу көздеріндегі мұндай жаңғыртулармен қатар, жылу желілерін қоректендіру схемасын өзгерту жұмыстары да қолға алынған. Бұл – технологиялық процестерді оңтайландырумен қатар, Павлодардың солтүстік бөлігін жылумен үздіксіз қамтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Дильназ Қуанышбекқызы