Павлодарда жастар мен қала тұрғындарына арналған спорттық-мәдени фестиваль өтті. «ERTIS AULA FEST» деп аталған шара №25 мектептің стадионында ұйымдастырылды. 200-ге жуық ата-ана мен бала қатысты. Шара спорт пен көңіл көтеруді ұштастырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Фестиваль Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай өтті. Негізгі мақсат – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спорт арқылы салауатты өмір салтын дәріптеу. Бұл тұрғындардың достық пен ынтымақтастықтарын нығайтуға жол ашады. Шара «Жасыл Ел» студенттік жасағының ұйымдастыруымен, құқық қорғау және спорт мекемелерінің қолдауымен өтті.

Русана Сулаймонова, «Jasyl ел» Павлодар облыстық штабының директоры

Үлкен стадионда шарамызды бастап жатырмыз. Әрине бұл фестивальді алғашқы рет өткізіп жатырмыз. Алда біз басқа аулаларға кіріп түрлі шараларды өткізетін жоспарымыз бар. Шарамыз «Заң мен тәртіп» бағдарламасында аясында өтіп жатыр. Оның мақсаты біздің жастарымыздың, ата-аналармен бірлесіп салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараны өткізу, спортқа баулу. Қазір 200ге жуық адам жиналды.

Қатысушыларға арналған спорттық жарыстар қызықты әрі тартысты өтті. Баскетбол, гір көтеру, армрестлинг және отбасылық эстафета көрерменнің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, таэквондодан арнайы шеберлік көрсетілімдер ұсынылылды. Жас спортшылардың өнері көпшілікті тәнті етті.

Артем Граблев, Павлодар қаласы «Қаһарман» таэквондо мектебінің жетекшісі

Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындарды спортқа тарту. Әсіресе балаларға спортты сүюге мүмкіндік береді. Біз «Қаһарман» таэквондо мектебін таныстырдық. Бұл – салауатты өмір салтын насихаттаудың бір жолы. Өзім 16 жылдан бері таэквондомен айналысамын, Қазақстан Республикасының спорт шеберімін. Қазір таэквондомен Павлодарда 60-қа жуық, Екібастұзда 300-ден астам, жалпы облыс бойынша 900-ге жуық спортшы жаттығады.

Фестивальдің ерекше сәттерінің бірі – балалар арасында өткен «Speed Kick» сайысы болды. Бұл жарыста жас спортшылар 40 секунд ішінде мүмкіндігінше көп соққы жасауға тырысты. Ширақ қимыл мен жеңіске деген жігер балалардың спортқа қызығушылығын арттырды.

Нұрила Жанат, Павлодар қаласының тұрғыны

Мен Азия чемпионымын. Қазақстанның 2 дүркін чемпионымын. Біздің ауламыздағы үлкен шараға қатысып жатырмын. Өте керемет.

Гүлмира Жиенбаева, Павлодар қаласының тұрғыны

Қаламыздың тұрғындары үшін керемет шара болып жатыр. Қатысып, жүлделі орынға ие болып жатырмыз. Алғысымызды білдіреміз. Балалар мен ата-аналардың басын біріктіріп, демалысымызда ауламыздың стадионында күшті шара өтіп жатыр.

Белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Шара мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, спортты дәріптеп, жастардың бірлігін арттыруға бағытталды.

Сабина Жолдаспаева