Ақсу қаласына жұмыс сапарымен аймақ басшысы Асайын Байханов барды. Алдымен метталлургтер шаһарындағы жолдардың жөнделу барысымен танысты. Жұмыс сапары аясында күзгі дала жұмыстары, вокзалдың жөнделуі, автобустардың бағыты да назарға алынды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып, жол жөндеу барысын тексерді. Әкім қаладағы басты проблемаларды атап, мердігер мен қала әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді. Ақсу өңіріндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 663,5 шақырым, оның ішінде қала ішінде 63 шақырым жол бар.

Бұл жобаның жалпы құны – 375 миллион теңге. Жалпы жөндеу көлемі 38 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде: 10 мың шаршы метр жерде шұңқырларды жамау, 17 мың шаршы метрде топырақ жолдарды асфальттау, 10,5 мың шаршы метрде коммуналдық кәсіпорындар қазған орындарды қалпына келтіру, 5 мың шаршы метрде тротуарларды жөндеу. Бүгінде 18 мың шаршы метр астам жолға асфальт төселді. Оның ішінде: Ферроқорытпа зауытына кіреберіс жол – 560 метр, Набережная, Пушкин, Абай, Майская, Весенняя, Полевая, Березовая көшелері бар.

Нұрбек Қонротбаев, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары

Қазіргі уақытта жалпы көлемнің 70 пайызы орындалды. 14 көшеде шұңқырларды жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындар қазған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай 52 орын бар. Қыс басталғанға дейін бәрін аяқтаймыз. Черёмушки ықшам ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы – 7,75 шақырым. Оның ішінде биыл 1,7 шақырымында топырақ жолға асфальт төселді.

Болатбек Шәріпов, Ақсу қаласының әкімі

Черемушка ықшам ауданда шамамен мың жарым халық тұрады. Көбі мал ұстайды, көбі зауытта жұмыс істейді. Жол мәселесі тұрғындардың басты өтініші болатын. Биыл Майская, Весенняя, Полевая, Березовая көшелерін асфальттап бердік. Қалған 600 метрді биыл фрезамен тегістейміз. Келесі жылы жаңағы алты көшені де толық асфальттаймыз.

Облыс әкімі қаладағы басты өндірістік нысан – ферроқорытпа зауытына кіреберіс жолға да назар аударды. Кіреберіс жол 2018 жылы жөнделген, екінші жол былтыр жасалған. Биыл Ақсудағы жол жөндеу жұмыстарының жалпы көлемі – 38 мың шаршы метр. Оның басым бөлігі орындалды, қалған бөлігі қыс түскенге дейін аяқталмақ. Келесі жылы қалада 6 ірі көше жөнделіп, жеке сектор толық асфальтталады. Сонымен бірге жарықтандыру мәселесі де шешілмек. Сондай-ақ, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов егін жинау науқанының барысымен де танысты. Шаһар басшысы Болатбек Шәріпов биылғы жылы жалпы егістік алқабы 24 900 гектарды құрайтынын атап өтті. Оның ішінде 8 600 гектарға дәнді дақылдар егілген. Соның ішінде бидай – 3 580 гектар, арпа – 3 400 гектар, сұлы – 350 гектар, жүгері – 350 гектар және тары – 400 гектар жерге себілді. Қазіргі таңда дәнді дақылдардың 4 700 гектары жиналды, бұл шамамен 55 пайызды құрайды. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерді құрап отыр.

Болатбек Шәріпов, Ақсу қаласының әкімі

Көкөніс дақылдары 1 047 гектар жерге егілген, оның бүгінде 44 пайызы жиналды. Картоп 7 540 гектарға отырғызылды, қазіргі кезде оның 40 пайызы алынды, жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Майлы дақылдар алқабы 5 500 гектарға жетті. Оның ішінде күнбағыс 4 660 гектарды құрайды. Өткен жылы күнбағыс тек 900 гектарға егілсе, биыл бұл көрсеткіш бес есеге артқан.

Сонымен қатар жаңа дақыл – қыша өсіріліп жатыр. Ол негізінен жерді тыңайту үшін пайдаланылады: қыша шабылып, топырақта қалдырылады, сидерат ретінде, – деді қала әкімі.Жемшөптік дақылдардың жалпы көлемі 1 830 гектарды құрайды. Оның ішінде сүрлемге арналған жүгері әлі жиналған жоқ, жақын күндері басталады. Күзгі дала жұмыстарына 1 106 тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күні оның 82 пайызы төленген, шамамен 70 пайызы жеткізіген.

Павлодар облысында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірден бес автостанция ғимараттарына күрделі жөндеу, модернизация және реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Жаңғыртылып жатқан нысандар қатарында Ақсу теміржол вокзалы, Қалқаман, Шідерті, Бозшакөл және Қарасор станциялары бар.

Қанат Қашқиров, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы

Жобаның жалпы құны төрт станция – Қалқаман, Шідерті, Баршакөл, Қарасор – 318 миллион теңге, ал Ақсу вокзалына – 267 миллион теңгені құрайды. Төрт станция бойынша келісімшарт маусым айында жасалған. Ал Ақсу вокзалы шілде айының соңында ғана «ҚТЖ»-ның сенімгерлік басқаруына берілгендіктен, жұмыстары кешірек басталды. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарының 30-40 пайызы орындалды.

Қанат Қашкировтың айтуынша, жөндеу жұмыстары аясында ғимараттардың қасбеті толық жаңартылады, шатыр, терезе мен есіктер ауыстырылады, инженерлік жүйелер қайта тартылады. Күту залдары кеңейтіліп, ішкі интерьер заманауи үлгіде әрленеді. Еденге керамогранит төселіп, қабырғалар гипсокартонмен қапталады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар мен арнайы орындар орнатылып, жаңа перрондар құйылады. Вокзалдардың аумағында асфальт және жаяу жүргінші жолдары да толықтай жаңартылады. Барлық станциялар бірыңғай концепцияда, яғни Павлодар қаласының теміржол вокзалы үлгісіндей салынады.Сондай-ақ, Облыс басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары кезінде қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту бағытындағы жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта қала меншігінде 19 автобус бар, оның тоғызы 2023 жылы жаңартылды.

Сондай-ақ әкім ГРЭС шағын ауданынан түскен шағымдарды да ортаға салды. Тұрғындар Павлодар бағытындағы автобустардың бұл ауданға соқпайтынына наразылық білдірген.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Бұл мәселені шешу керек. Адам ГРЭС-те тұрады. Павлодарға жету үшін олар Ақсуға бару керек, сосын ғана олар автобусқа мініп, межелеген жерге жете алады. Бұл өте ыңғайсыз. Бәлкім бұл мәселені шешу үшін жаңа көпір арқылы автобус жіберу мүмкіндігін қарастыру керек.

Облыс әкімі, қоғамдық көліктің сапасын арттыруды басым міндет ретінде атап өтті. Әкім жаңа автобустардың тұрақты қатынауын, маршруттардың тиімді құрылуын және жолаушылар сұранысына бейімделуін талап етті. Жұмыс сапары соңында Ақсуда облыс әкімінің қатысуымен жиын өтті. Онда жылыту маусымына дайындық және кқоғамдық көліктің жүретін бағыттары талқыланды.

Самал Қалиқызы