Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында елді мекендерде пайда болатын қоқыс үйінділері мәселесіне ерекше назар аударды. Заң бойынша тұрмыстық қалдықтарды басқару жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті. Осыған орай Павлодар облысында рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүргізілді.
Шараның мақсаты – халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен оның Экологиялық реттеу және бақылау комитеті қадағалайды.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары
Биыл рейдтік шаралар барысында 10-нан астам қоқыс үйіндісі анықталды. Бұл деректер белгілі болғаннан кейін, Экология департаменті жергілікті атқарушы органдарға ресми хат жолдайды. Ал әкімдіктер заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстарын атқарады.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының дерегі бойынша, өңірде жыл сайын жаңа заңсыз қоқыс орындары анықталады. Бұл мәліметтер ғарыштан түсірілген суреттер арқылы жинақталып, министрлікке жолданады. Ал қоқыс жинау жұмыстары облыстық Экология департаменті мен жергілікті әкімдіктердің қатысуымен жүзеге асады.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары
Биыл облыс аумағында 172 рұқсатсыз қоқыс орны тіркелді. Оның 167-сі жергілікті атқарушы органдардың күшімен жойылды. Үш мекенжай бойынша ақпарат расталмады. Ал қалған екі орын бойынша қазір арнайы рейдтік шаралар жүргізілуде. Соның бірі – біз тұрған шарбақты көпірінің маңы. Бұл аумақ қоқыс тасталатын жер ретінде тіркеледі. Жыл сайын ол жерге тазарту жұмыстары жасалады.
Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, тазалау жұмыстары жүргізілген кей аумақтарда қайтадан қоқыс төгілетіні байқалған. Сондықтан рейдтік жұмыстар қыс түскенге дейін тұрақты түрде жалғасады.
Сабина Жолдасеаева