Павлодарға Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған көшпелі көрме жеткізілді. Жетісу облысындағы «Алтынемел» мемориалды музейінен әкелінген құнды жәдігерлер қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады. Экспозициялар Григорий Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің залында орналасқан.

Шоқан Уәлиханов қысқа ғұмыр кешсе де, артына мол мұра қалдырды. Оның еңбектері қазақ ғылымының дамуына жол ашты. Бүгінде Жетісу жеріндегі мұражай– ұлы ғалымның өмір жолы мен еңбегін танытатын қасиетті орын. Сол жерден әкелінген жәдігерлер Павлодар жұртшылығына алғаш рет ұсынылып отыр. Экспозицияда 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында ғалымның жеке заттары, қолжазбалары, суреттері мен ғылыми еңбектеріне қатысты деректер бар.

Марал Рахатова, Жетісу облысы Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің меңгерушісі

Ерекше затттары да бар. Өзінің Қашқар экспедициясына тағып барған парша белбеуі, тапаншасы және Қашқар экспедициясын табысты аяқтаған үшін Император Александр екінші, төртінші дәрежелі ғалымға сыйлаған сыйы бар.

Ашылу салтанатында ұлы тұлғаның өмірі мен ғылыми ізденістеріне арналған бейнематериал көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Жиынға қала тұрғындары, студенттер, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Көрме залына жиналған жастар ғалымның еңбегінен шабыт алып, рухани қазынаға қанықты.

Фатима Хайролла, студент

Осы көрмеге келгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл жерден біз атақты ғалымның түрлі деректерімен, зерттеулерімен таныстық. Жалпы осындай көрмелердің болғаны, бізді қатты қуантады. Себебі, өзім тарих факультетінде білім аламын және бұндай мағлұматтарды алу біз үшін өте пайдалы деп ойлаймын. Онымен қоса, осындай түрлі деректерді, құнды материалдарды дәріптеу, болашақ өскелең ұрпаққа табыстау біздің мұрамыз болып табылады.

Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған көшпелі көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

Сабина Жолдаспаева