Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» тікұшағы Павлодар облысына кезекті санитарлық рейстерді сәтті орындады. Бір күн ішінде Екібастұз – Павлодар бағыты бойынша әуе көлігі екі рет көкке көтеріліп, жедел медициналық көмекке мұқтаж науқастарды облыс орталығына жеткізді.

Екібастұз қаласынан Павлодарға бағыт алған тікұшақ бортында 1968 жылы туған ер адам мен 2017 жылғы бала болған. Екі науқастың да жағдайын ұшу кезінде арнайы дайындықтан өткен медициналық мамандар бақылап отырды. Олар пациенттерді Павлодар қаласындағы аурухана дәрігерлеріне аман-есен тапсырды.Санитарлық рейстерді тәжірибелі мамандардан құралған экипаж орындады. Әуе кемесінің командирі — Жалын Аязбаев, екінші ұшқыш — Қабден Азамат, бортмеханик — Альбергенов Мұрат. Сонымен қатар, инженерлік қамтамасыз етуді Альмухамедов Александр мен Сибагатов Темірлан жүзеге асырды.Команданың кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында екі рейс те уақытылы әрі қауіпсіз орындалды.

Дильназ Қуанышбекқызы