Павлодарда 52 көшедегі жол жамылғысының сапасы мен цифрландыру деңгейі тексерілді. Ең нашар күйдегі автожолдар Авиақалашық пен Баян батыр көшесінде тіркелді.

Ұлттық жол активтері сапасы орталығының облыстық филиалы Павлодар қаласының жолдарын алғаш рет кешенді түрде паспорттау мен диагностикалаудан өткізді. Диагностика барысында мамандар асфальт жамылғысының беріктігін, көлік дөңгелектері үшін орнықтылығы ғана емес, сонымен қатар жалпы жол инфрақұрылымының жағдайын да бағалады. Көшелердің ұзындығы мен еніне, сондай-ақ тегіс жолдар мен ойық жолдардың көрсеткіштеріне көбірек назар аударылды.

Қуанышбек Рахманбердиев, жол активтері сапасы ұлттық орталығының Павлодар филиалының инженері

Жолдардың сәйкессіздігі жөнінде нақты санын айта алмаймын. Бірақ, Авиақалашық ауданындағы, Баян батыр көшесіндегі, Тереңкөл бағытына шығатын жолдар мен Үлкен айналмадағы Жібек жолы көшесінде көптеген кемшіліктер анықталды. Әсіресе Баян батыр мен Авиақалашықтағы көшелерде ақаулар көп. Ал Жібек жолы көшесінде жолдың жабысқақтығы белгіленген шектен асып кеткен."

Бүгінгі таңда диагностика жұмыстары аяқталуға жақын, ал мамандар енді жолдарды паспортизациялауға — яғни толық цифрландыру жұмыстарына кірісті. Жалпы, шенеуніктер тексеру жоспарына облыс орталығы көшелерінің шамамен 30 пайызын енгізді, бұл — жалпы ұзындығы 170 шақырым жол. Қай көшелерге асфальт жаңартылады, оны жергілікті билік шешеді.

Жанасыл Серікбол