Павлодардағы басты мәдени алаң Ertis Promenade сахнасы жазғы маусымды ерекше сән-салтанатпен жапты. Биыл концерттік маусымның соңғы кеші өңір тарихындағы ең ауқымды шаралардың біріне айналды.

Жаз бойы Ертіс променад сахнасында түрлі концерттер мен мерекелік кештер өтті. Маусымның жабылу рәсімі нағыз фестивальге ұласты. Мәдени алаң көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Биылғы маусым мазмұнға да, қонақ санына да бай болды.

Светлана Гладышева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары

Биылғы маусым өте мазмұнды өтті. Тек шығармашылық пен спорттық шаралар ғана емес, идеологиялық бағытта жобалар ұйымдастырылды. Көптеген бейнероликтер түсірілді. Павлодар тұрғындары екі рет үлкен сахнада өнер көрсетті. Бүгін бізге тек жергілікті емес, Астана, Семей, Қарағанды қалаларынан да қонақтар келді. Олар да осы мерекеге қатысып, біздің жағалауымызды тамашалады. Ерекше атап өтетін жайт – биыл павлодарлықтар қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнерін айына кем дегенде екі рет тамашалады.

Кештің шымылдығын жас орындаушы R-ONE ашып, лирикалық әуендерімен жүректі елжіретті. Артынша сахнаға шыққан ELMAN мен MONA дуэт айтып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ән кешінің көркін Turar қыздырды. Ал Ресейден арнайы келген Алексей Чумаков өз орындауымен бүкіл жағалауды әнге бөледі

.

Кештің шарықтау шегі көпшіліктің көптен күткен әншісі Асха Prince сахнаға шығуымен түйінделді. Жалпы, биыл жазғы маусымда Ертіс жағалауында 273 түрлі шара өтті. Оның ішінде 44 спорттық жарыс, би баттлдары және мәдени кештер бар. Сахнада 32 қазақстандық және шетелдік жұлдыз өнер көрсетті. Ал, жазғы мерекелердің көрермендері 800 мыңға жуық адамды қамтыды.

Сабина Жолдаспаева