Павлодар қаласында дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған спорттық фестиваль өтті. «Спортты әлем» атты шараны «Алтын Бата» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Фестиваль облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Бұл күні 15 бала спорттық ойындарға қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Шараның мақсаты –балаларды спортқа баулу. Олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Мұндай фестиваль жастардың жаңа достар табуына, бір-біріне қолдау көрсетіп, өмірге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. «Алтын Бата» қоғамдық қоры осындай игі бастамаларды үш жыл қатарынан тұрақты түрде өткізіп келеді.

Евгения Стельвага, «Алтын бата» ҚҚ директоры

Біз осы жобаны өзіміз бастама көтеріп іске асырдық. Арнайы ақпараттық, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеміз. Қалада ғана емес, аудандарға да барып, ата-аналармен кездесеміз. Үш жылдың ішінде өңірдің барлық ауданын араладық. Ерекше жастармен таныстық. Олардың әрқайсысы талантты, қызығушылығы мол. Біздің мақсатымыз балаларға спорт арқылы қуаныш сыйлау. Бұл олардың болашақта қоғамда өз орнын табуына жол ашады.

Фестивальге түрлі жастағы балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Олар шараға ат салысты. Бұл фестиваль ерекше жандарға сенім сыйлап, қоғамның оларға деген қамқорлығы мен ықыласын дәлелдеді.

Фарида Қоспақова, ата-ана

Біз Лебяжіден келдік, осындай шараға алғаш рет қатысып отырмыз. Бұл кісі бізге 1 жыл бұрын келіп, таныстық. Мүгедектігі бар ата-аналармен кездеседі. Содан бері әқашан хабарласып тұрады. Қызым дүниеге ерекше жан болып келді. Жалпы қызымның қолына протез керек, бірақ біздің елімізде ондай протез жасалмайды.

Орынтай Жұмаділова, қатысушы

Мен Аққулыдағы мектепке барамын, 9 сыныпта оқимын. Класстастарыммен бәрімен сөйлесемін. Өзімнің құрбым бар. Хоббиім жоқ, тик-ток түсірем, монтаж жасаймын.

«Алтын бата» қоғамдық қорының ұйымдастырған шарасы жігердің, мықты рухтың және қоғам тарапынан көрсетілген қолдаудың айқын үлгісі. Мұнда әрбір бала өзін жеңімпаз сезінді. Барлық қатысушыға тәтті сыйлықтар мен 30 мың теңге көлемінде сертификат табысталды.

Сабина Жолдаспаева